
«Халал Даму» ЖШС 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында халал стандарттары бойынша кәсіпорындарды тексеріп, сертификаттайды.
Бірақ заңдық тұрғыдан «Халал Даму» – діни мекеме емес, жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Ол салық төлейді, ҚҚС есебінде тұр және кәсіпорындарға сертификаттау қызметін көрсетеді. Kursiv Media ұйымның бұл қызметтен қалай табыс табатынын талдап көрді.
«Халал Даму» қалай ақша табады?
Ұйымның өз түсіндірмесіне сәйкес, сертификаттың өзі сатылмайды. Алайда кәсіпорын сертификат алу кезінде бірқатар шығынды өтейді. Оған сарапшылардың кәсіпорынға баруы, жол және іссапар шығындары, аудит пен зертханалық сынамалар кіреді.
Яғни кәсіпкер үшін сертификат алу тегін процесс емес. Ұйым мамандары кәсіпорынға барып, шикізатты, өндіріс процесін, қойманы, санитариялық жағдайды және құжаттарды тексереді. Қажет болған жағдайда өнім зертханаға жіберіледі.
Сертификат берілгеннен кейін де мониторинг жалғасады. Осылайша «Халал Дамудың» негізгі экономикалық қызметі – сертификаттау, аудит, зертханалық тексеру және кейінгі бақылау.
Бұл бизнес пе?
Құқықтық жағынан – иә. «Халал Даму» мемлекеттік тіркеуден өткен ЖШС. Оның БСН-ы бар, ҚҚС төлейді және жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейді. (БСН 160240020558)
Бірақ ұйым өзін кәдімгі коммерциялық сертификат сату компаниясы ретінде көрсетпейді. Оның түсіндірмесі бойынша, кәсіпорындар сертификаттың өзіне емес, сертификаттау процесіне байланысты шығындарды өтейді. Сондықтан бұл жерде екі ұғымды ажыратқан жөн. Діни тұрғыдан ұйым халал талаптарының сақталуын бақылайды. Экономикалық тұрғыдан ол кәсіпорындарға аудит, зерттеу және сертификаттау қызметтерін көрсететін заңды тұлға.
Салық төлемі күрт өскен
Компанияның салық төлемдері кейінгі жылдары айтарлықтай көбейген. 2022 жылы «Халал Даму» бюджетке шамамен 6,5 млн теңге төлесе, 2023 жылы көрсеткіш 27,4 млн теңгеге жеткен. 2024 жылы – 49,4 млн теңге, ал 2025 жылы – 63,7 млн теңге. Яғни үш жылдың ішінде жылдық салық төлемі шамамен он есе өскен.
«Халал Даму» қанша салық төледі?
Бұл көрсеткішті компанияның таза пайдасы деп қабылдауға болмайды. Салық төлеміне ҚҚС, қызметкерлерге байланысты төлемдер және басқа міндеттемелер кіруі мүмкін.
Сондықтан ашық салық дерегі арқылы «Халал Даму нақты қанша пайда тапты?» деген сұраққа жауап беру мүмкін емес.
Бірақ салық көлемінің өсуі ұйымның экономикалық қызметі де айтарлықтай ұлғайғанын көрсетеді.
Нарық та үлкейген
Ұйымның мәліметінше, оның сертификатымен жұмыс істейтін кәсіпорын саны кейінгі жылдары бірнеше мыңға жеткен.
Кәсіпорын саны көбейген сайын аудитке шығатын мамандар, зертханалық талдау, мониторинг және қайта сертификаттау көлемі де өседі.
Демек, «Халал Дамудың» қызмет моделі қарапайым:
«Халал Даму» сертификатты қалай береді?
Осы процестерге байланысты шығындарды кәсіпкерлер өтейді.