
Әлеуметтік желіде актриса Жанель Мақажан күйеуінен ажырасу себебін айтып, басынан өткен жағдайды ашық жазды. Ол күйеуі отбасын қорғамағанын, туыстарының сөзіне еріп, отбасынан кеткенін және ажырасқаннан кейін өзін сырт көзге «керемет әке, жар» ретінде көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына, иті мен құсына талатып отырса, өз отбасын шын мәнінде қорғамаса, шешесінің жанындағы психологтарының, достарының айтқанына еріп, саған талағын беріп, қуанып отбасын тастап кетсе… Бірақ елге керемет әке, жар бетпердесімен жүріп, одан қалды бауырлары ажырасуға, сенің өлуіңе, сен тазаланған сайын одан әрі сихр жасай берсе, қиын екен», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінің анасымен қарым-қатынасы да олардың отбасына әсер еткен.
«Шешесінен сепарация жоқ, өзіңе қарсы шығып, шешесімен бірге сені өз үйіңнен қуса – ол да оңай емес екен. Сен жасаған барлық ресурс, жақсылықты пайдаланып, өзіне қатты сеніп, енді «отбасым керек емес екен ғой» деп, басқа отбасын құрам деп, жақын туыстары таныстырып жүрген қыздармен кездесіп, кімге үйленерін ақылдасып жүрген адамнан не күтесің?» – деді ол.
Жанель Мақажан әйелдер отбасына барын салып, еріне сенетінін де атап өтті.
«Біз әйелдер сенеміз ғой, барымызды береміз, энергиямызды, ақшамызды, мотивациямызды. Еріңе сенесің ғой. Екі дүниенің бақытын бірге көреміз деп барыңды саласың. Сол жерде ақымақ болғаныңды түсінесің. Бәрі керемет болады деген аңғал сеніммен жүресің. Одан қалды, сені алдап, опасыздық жасаса, сатқындықтың жаныңа бататынын түсінесің», – деп жазды ол.
Оның пікірінше, жігіттің отбасы қарым-қатынасқа әу бастан қарсы болса, мұндай жағдайға жеңіл қарамау керек.
«Жалпы әу баста жігіттің отбасы қарсы болса, ондай отбасын көре тұра, қарым-қатынасты байыппен қарастырмау керек екен. Олардың арам пиғылы түбіне жетпей қоймайды екен. Ерлі-зайыпты болып қол ұстасып, бәрін бірге жеңеміз десе, отбасын сақтап қалуға болады. Ал ерің отбасын емес, өз туыстарының айдақтауымен кетсе, не қайыр? Некеде қайыр жоқ», – деді актриса.
Жанель Мақажан жазғандары тек бастамасы екенін айтып, оқиғаның қалған бөлігін толық баяндаса, оқырман таңғалатынын жеткізді.
«Бұл басы ғана. Бәрін айтсам, өмірде ешбір жанға сенбей кетесіздер», – деп түйіндеді ол.
Жақында актриса Жанель Мақажан күйеуі Абай Асылханнан бөлек кеткенін жариялаған еді.