
Қазақстандық велошабандоз Николай Винокуров Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында тас жолдағы топтық жарыста жетінші орын алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазақстандық спортшы жарыс жолын 4 сағат 19 минут 27 секундта аяқтады.
Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы бірден екі жүлде жеңіп алды. Алексей Луценко 4:13:11 нәтижесімен Азия ойындарының чемпионы атанса, Евгений Федоров 4:15:09 көрсеткішімен күміс медаль иеленді. Жапониялық Юхи Тодом 4:15:51 нәтижесімен қола жүлдеге қол жеткізді.
Николай Винокуров – Олимпиада чемпионы, қазақстандық танымал велошабандоз Александр Винокуровтың ұлы. Ол қазір Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр.
Айта кетейік, Александр Винокуров 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында тас жолдағы топтық жарыста алтын медаль жеңіп алған.
Оқи отырыңыз: Алексей Луценко тарихи рекорд орнатып, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды.