Қазақстанда жарты жылда жұмыс істеп тұрған 200 мыңнан астам бизнес азайды

Жарияланды 23 Қыркүйек 2026 14:10

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
ШОБ неге азайып жатыр / фото: Kursiv Media

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 200,7 мыңға азайған.

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Константин Авершин салық реформасынан кейін кәсіпкерлердің нақты жағдайына баға беруді сұрап, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2 175 605 жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болған. Ал 1 шілдеде олардың саны 1 974 899-ға дейін төмендеген. Яғни жарты жылда статистикадағы белсенді бизнес саны 200 706-ға кеміген.

Алматыда жұмыс істеп тұрған ШОБ саны осы кезеңде 403 597-ден 362 345-ке дейін, яғни 41 252 субъектіге азайған.

Статистика неге төмендеді?

Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің азаюын 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында жеке кәсіпкерлердің бір бөлігінің өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне өтуімен түсіндіреді.

Алайда Авершин бұл өзгерісті тек кәсіпкерлердің бір салық режимінен екіншісіне ауысуымен түсіндіру жеткіліксіз деп есептейді.

Оның депутаттық сауалында салық органдарының дерегі келтірілген. Соған сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Салыстыру үшін, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде – 82 874, ал 2024 жылы 125 093 кәсіпкер жабылған. Бұл сандарды бұған дейін Серік Жұманғарин де жариялаған.

Үкіметтің есебінше, 2024–2025 жылдардың бірінші тоқсандарында орта есеппен шамамен 104 мың ЖК қызметін тоқтататын. Ал 2026 жылғы өзгерістерден туындаған қосымша әсер шамамен 100 мың кәсіпкердің жабылуына сәйкес келеді.

«Болып жатқан процестерді тек кәсіпкерлердің салық мәртебесінің техникалық өзгеруімен түсіндіруге болмайды. Статистиканың артында нақты кәсіпорындар, жұмыс орындары, азаматтардың табысы және салық базасы тұр», – делінген депутаттық сауалда.

Депутат нені білгісі келеді?

Авершин үкіметтен 2026 жылы қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлер туралы мәліметті бірнеше топқа бөліп көрсетуді сұрады.

Атап айтқанда, қанша кәсіпкердің бизнесін шынымен жапқаны, қаншасының өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге өткені, қаншасының бұған дейін іс жүзінде жұмыс істемегені және қанша кәсіпкердің жаңа салық талаптарына байланысты қызметін жалғастыра алмағаны көрсетілуі керек деп санайды.

Сондай-ақ депутат жаңадан тіркелген бизнес санын қоса көрсетіп, барлық мәліметті 2024 және 2025 жылдармен, өңірлер мен экономика салалары бойынша салыстыруды сұрады.

Жұмыс орындары мен бизнес айналымына әсері қандай?

Депутаттық сауалда үкіметтен жаңа салық талаптарының ШОБ-тың нақты секторына әсерін де бағалау талап етіледі.

Оның ішінде:

  • жұмыспен қамтылғандар мен жұмыс орындарының саны;
  • ШОБ субъектілерінің айналымы;
  • салық түсімдері;
  • жаңадан ашылған және жабылған кәсіпорындар саны;
  • бизнестің бейресми секторға кету динамикасы қарастырылуы тиіс.

Егер талдау барысында жаңа салық талаптарының шағын және орта бизнеске кері әсері расталса, Авершин Салық кодексі мен оны қолдану тәжірибесіне нақты өзгерістер енгізуді ұсынады.

Депутат әр ұсыныс бойынша қандай шара қабылданатынын, оған қай мемлекеттік орган жауапты болатынын және өзгерістің қашан іске асатынын көрсетуді сұрады.

«Салық реформасының нәтижесі статистиканы формалды түрде жақсарту немесе кәсіпкерлерді бір салық режимінен екіншісіне ауыстыру емес, жұмыс істеп тұрған бизнесті, жұмыс орындарын және тұрақты салық базасын сақтау болуы керек», – делінген сауалда.

Тағы да оқыңыз →
Жыл басынан бері Қазақстанда 220 мың жеке кәсіпкер нарықтан кетті (инфографика)
Сондай-ақ оқыңыз