БҰҰ әлемдік экономиканың өсім болжамын 2,6%-ға көтерді 

Жарияланды 24 Қыркүйек 2026 09:47

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: Freepik.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Әлемдік экономика энергетикалық күйзелісті сарапшылар көктемде күткеннен де жақсырақ еңсерді. БҰҰ-ның World Economic Situation and Prospects баяндамасының қыркүйектегі жаңартылған нұсқасында 2026 жылға арналған өсім болжамы 0,1 пайыздық тармаққа көтеріліп, 2,6%-ға, ал 2027 жылға 2,9% деңгейіне жеткізілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Экономиканың тұрақты болуының бірнеше себебі бар: мұнайға тәуелділік азайды, мемлекет қорлары мен бюджет көмегі экономиканы алғашқы соққыдан қорғады. Сонымен қатар адамдардың жұмысы мен табысы сақталып, халықтың тұтынуы қатты төмендеген жоқ.

Шикі мұнай бағасы сәуірден бері құбылмалы болғанымен, жалпы алғанда төмендеп келеді. Алайда қысым мұнай өңдеуден кейінгі тізбекте күшейді. Екінші тоқсанда әлемдегі мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесі өткен жылмен салыстырғанда тәулігіне 4,7 млн баррельге төмен болды.

Тамыз айында Атлантика бассейніндегі дизельді өңдеу маржасы барреліне $100-ден асып, тарихи максимумға жетті. БҰҰ жанармай бағасы, әсіресе дизель бағасы, жылдың соңына дейін жоғары деңгейде қалады деп күтеді.

Қаңтар-мамыр аралығында әлемдік тауар саудасы нақты мәнде 5,4%-ға өсті. Негізгі драйвер жасанды интеллект инфрақұрылымына деген сұраныс.

Корея, Сингапур және Тайвань экспорты 20%-дан астамға өсті. Кореяның өсім болжамы 1,5%-дан 3,2%-ға көтерілді. Жартылай өткізгіштердің бағасы импортталатын энергия құнынан жылдамырақ өсіп жатыр. Бұл технологиялық тауар экспорттаушы елдердің сауда жағдайын жақсартады.

Биылғы негізгі өзгерістердің бірі мемлекеттік облигациялар нарығында болып жатыр.

АҚШ-тың 30 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі 5,31%-ға көтеріліп, 2007 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Ұлыбританияда ұзақ мерзімді мөлшерлемелер 1998 жылдан бергі деңгейлерге жетсе, Германия мен Францияда 15 жылдағы максимумдарға жақындады.

Дамыған елдердің орталық банктері 2024 жылы басталған ақша-несие саясатын жұмсарту үдерісін тоқтатты. Қыркүйекте АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтеріп, 3,75–4,00% деңгейіне жеткізді. Бұл – 2023 жылдан бергі алғашқы өсім.

Еуропалық орталық банк маусым және қыркүйек айларында мөлшерлемені көтеріп, 2,5%-ға жеткізді. Жапония банкі оны 1%-ға дейін көтерді бұл 1990-жылдардың ортасынан бергі ең жоғары деңгей.

Әлемдік мемлекеттік қарыз көлемі ЖІӨ-нің шамамен 94%-ына жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 82% болған. АҚШ-та 2026 жылы таза пайыздық шығындар шамамен $1 трлн болады деп күтіледі. Бұл федералдық салық түсімдерінің 18,6%-ына тең.

БҰҰ мұны өздігінен күшейетін механизм ретінде сипаттайды: бюджеттердің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық пайыздық мөлшерлемелерді көтереді, ал жоғары мөлшерлемелер бюджет жағдайын одан әрі нашарлатады.

Дамушы экономикалар үшін осалдық қарыздың өтеу мерзімдерімен байланысты. Олардың қарызының орташа дюрациясы 2021 жылға дейін шамамен 17 жыл болса, 2025 жылы 9,5 жылға дейін қысқарды.

БҰҰ 2026 жылы ТМД елдері мен Грузия экономикасының өсімін 1,8% деп бағалайды. Ресей бойынша болжам 0,5%-ға дейін төмендетілді.

Орталық Азия мен Кавказ экономикалары бірінші жартыжылдықта жанармай импортының қымбаттауы мен аймақтық логистикадағы іркілістерге қарамастан, жоғары динамиканы сақтап қалды.

Аймақ әлемде капитал құны өсіп жатқан кезеңнің өзінде экономикалық өсімін жалғастырып отыр.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанның сыртқы қарызы қанша болды – Жұманғарин жауап берді

Сондай-ақ оқыңыз