
Қазақстанда маркетплейстер шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлер үшін тауар сататын алаңнан бөлек, бизнесті іске қосуға және кеңейтуге мүмкіндік беретін цифрлық инфрақұрылымға айналып келеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бөлшек электронды сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 19,4%-ға өскен. Оның 86%-ы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан.
Онлайн платформалардағы сауда көлемі өткен жылы 3,2 трлн теңге болды. Ал тапсырыстар саны бір жылда 90,9%-ға артып, 291 млн-нан асты. Яғни қазақстандықтар маркетплейстер арқылы тапсырысты бір жыл бұрынға қарағанда екі есеге жуық көп жасаған.
Finprom.kz мәліметінше, ең көп сатылған тауарлар қатарында телефондар мен гаджеттер (17,1%), киім мен аяқ киім (12,4%), үй және саяжай тауарлары (12,1%), тұрмыстық техника (10,3%) және азық-түлік (7,4%) бар.
Сарапшылар маркетплейстердің басты артықшылығы кәсіпкерлер үшін нарыққа кіру кедергілерін азайту екенін атап өтеді. Кәсіпкерге жеке дүкен, сайт немесе күрделі логистикалық жүйе құру міндетті емес. Цифрлық платформалар тауарды көрсету, төлем қабылдау, жеткізу және басқа да процестердің бір бөлігін өз мойнына алады.
Бұл әсіресе өңірлердегі шағын бизнес үшін маңызды. Кәсіпкер өз қаласымен шектелмей, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі тұтынушыларға да тауар сата алады.
Маркетплейстердің дамуы логистика, қойма, фулфилмент, курьерлік қызмет, қаптама, жарнама және IT сияқты ілеспе салалардың өсуіне де әсер етіп отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі де артып келеді. 2025 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 40,9%-ға жетті. ШОБ саласында 4,5 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған, бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 48,5%-ына тең.
Тағы да оқыңыз: Арман Шаққалиев қазақстандықтарға сенімді маркетплейстерді таңдауды ұсынды