
Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында 27 қыркүйекте алты жүлде алды. Алайда Ясмина Токсанбаеваның жеңісіне қатысты протест қаралып жатқандықтан, оның алтын медалі әзірге ресми жалпыкомандалық есепке қосылған жоқ, , деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ясминаның алтынына қатысты шешім
Күннің басты жаңалығы жеңіл атлеттің марафондық спорттық жүрістегі жеңісі болды. Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева спорттық жүріс бойынша мәреге бірінші келіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Алайда кейін оның нәтижесіне протест берілгені белгілі болды. Қазақстан ҰОК мәліметінше, мәселе Токсанбаева жарыста қолданған аяқкиімге қатысты. Қазіргі уақытта оның талапқа сәйкестігі тексеріліп жатыр.
Әзірге Ясминаны дисквалификациялау немесе алтын медалін алып қою туралы түпкілікті шешім жарияланған жоқ. Соған қарамастан оның алтыны ресми медаль кестесіне есептелмей тұр.
Семсерлесушілер алтын алды
Қазақстанға бүгін ресми есепке енген алтынды ерлер арасындағы шпага құрамасы әкелді.
Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық сайыстың финалында Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Аянат Жұмағали мен Нора Джеруто – күміс жүлдегер
Ауыр атлет Аянат Жұмағали әйелдер арасындағы 77 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Ол жұлқа көтеруде 109 келіні, серпе көтеруде 137 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысында 246 келі жинады.
Жеңіл атлет Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 9:06.82 нәтижесін көрсетіп, екінші орын алды.
Қазақстан қоржынына тағы екі қола түсті
Әртістік жүзуден Наргиза Болатова мен Ясмин Тұяқова жұптық сайыста 286,0826 ұпай жинап, қола медаль иеленді.
Қазақстан бесінші орында
Батуттағы гимнастикадан Ерлан Тасмағамбетов те жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы суперфиналда 54,69 ұпай жинап, үшінші орын алды.
27 қыркүйектегі жарыстардан кейін ресми медаль кестесінде Қазақстан құрамасында 9 алтын, 10 күміс және 21 қола – барлығы 40 медаль бар. Қазақстан жалпы есепте бесінші орында тұр.
Төртінші орында 10 алтын, 17 күміс және 11 қоласы бар Өзбекстан орналасқан.

Егер Ясмина Токсанбаеваның жеңісі түпкілікті бекітіліп, алтын медалі жалпы есепке қосылса, Қазақстанның көрсеткіші 10 алтынға, жалпы 41 медальға жетеді.