Шетел валютасындағы жинақ депозиттердің мөлшерлемесі 2,5 пайызға дейін көтеріледі

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 11:43

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Доллармен сақталған депозиттің пайызы 2,5%-ке көтеріледі / Фото: shutterstock

2026 жылдың 1 қазанынан шетел валютасындағы кейбір депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 1%-дан 2,5 пайызға дейін көтерілмек. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Осы уақытқа дейін шетел валютасындағы барлық салым бойынша ең жоғарғы мөлшерлеме 1%-дан аспайтын еді.

Енді мерзімі 1 жылдан асатын жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Жинақ депозиті – бұл мерзімі аяқталмай тұрып ақшаны алуға болмайтын, ақшаны бұрын алған жағдайда барлық сыйақысы күйіп кететін салым түрі.

Жаңа 2,5% мөлшерлеме тек 2026 жылдың 1 қазанынан бастап ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге қолданылады. Атап өтетін басты жайт, 2,5% банктерге ұсынылатын ең жоғарғы шек қана, сондықтан әр банк депозит пайызын өз бетінше белгілейді.

Ал мерзімді салымдар мен мерзімі 12 ай немесе одан аз жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме бұрынғы деңгейінде сақталады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры әр банктегі шетел валютасындағы ақшаға 5 млн теңгеге дейін толық кепілдік береді.

Халық пен компаниялардың депозитте жинаған қаржысы 50 трлн теңгеге жуықтаса, соның 10 трлн теңгесі шетел валютасындағы депозитте сақталған.

Сондай-ақ оқыңыз