Жер астындағы байлықтың бәрі табыс па

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 15:55

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Кен орындары / фото: Kursiv Media

Қазақстанда жаңа кен орындары мен ірі минералдық ресурстар табылғаны туралы жаңалық жиі шығады. Мұндай хабарда «100 млн тонна руда», «1 млн тонна мыс» немесе «ресурс 40%-ға өсті» деген сандар бірден назар аударады. Бірақ жер астындағы металл көлемі жобаның нақты құнын көрсетпейді. ACCA мүшесімі, аудитор Назым Әбділдина ресурс пен қордың айырмасын және инвестор кен орнын бағалағанда қандай көрсеткіштерге қарауы керегін түсіндірді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Мысалы, кен орнында 100 млн тонна руда бар делік. Мыстың орташа үлесі 1% болса, кен құрамында шамамен 1 млн тонна мыс бар деген сөз.

«Алайда бұл компания 1 млн тонна мыстың бәрін өндіріп, сатып жібереді дегенді білдірмейді. Себебі геологтар анықтаған ресурс пен нақты өндіруге болатын қор – екі бөлек көрсеткіш, – дейді сарапшы.

Ресурс деген не?

Оның айтуынша, минералдық ресурс геологиялық барлау кезінде жиналған деректерге сүйеніп есептеледі. Ол жер астында қанша пайдалы қазба болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қазақстанда мұндай бағалау KAZRC – геологиялық барлау нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексі бойынша жүргізіледі.

KAZRC жүйесінде минералдық ресурстар үш санатқа бөлінеді:

Болжалды (Inferred) – геологиялық дерек бар, бірақ оның нақтылығы салыстырмалы түрде төмен;

Анықталған (Indicated) – кеннің көлемі мен сапасы жөніндегі дерек анағұрлым сенімді;

Өлшенген (Measured) – геологиялық тұрғыдан ең жақсы зерттелген ресурс.

«Ресурс көлемін қарағанда оның қай санатқа жататыны маңызды. Мысалы, 1 млн тонна болжалды ресурс пен 1 млн тонна өлшенген ресурстың сенімділік деңгейі бірдей емес. Сондықтан инвестор үшін «қанша ресурс бар?» деген сұрақпен қатар «ол қаншалықты жақсы зерттелген?» деген сұрақ та маңызды», – дейді Назым Әбділдина.

Ресурс пен қордың айырмасы қандай?

Минералдық қор – ресурстың өндіруге жарамды бөлігі. KAZRC бойынша қорлар Ықтимал (Probable) және Дәлелденген (Proved) болып бөлінеді.

«Ресурсты қор санатына өткізу үшін геологиялық дерек қана жеткіліксіз. Компания кенді нақты қандай әдіспен өндіретінін, оны қалай өңдейтінін және одан қанша металл алуға болатынын есептеуі керек. Сонымен бірге кен орнына жол, электр қуаты, су және басқа инфрақұрылым тарту құны да ескеріледі. Оған қоса кенішті салуға кететін қаржы, күнделікті өндіріс шығыны, металл бағасы, экологиялық талаптар және басқа да жағдайлар есепке алынады. Яғни жер астында металл бар болуы оның бәрін тиімді өндіруге болады деген сөз емес», – деп атап өтті ол.

Ресурс 40%-ға өссе, жоба да 40%-ға қымбаттай ма?

«Мұндай тікелей байланыс жоқ. Мысалы, компания кен орнындағы ресурсты 40%-ға арттырғанын хабарлады делік. Инвестор ең алдымен жаңа ресурстың қандай санатқа жататынын қарауы керек. Бұдан бөлек кендегі металдың орташа үлесі өзгерді ме, жаңа ресурс бұрынғы кен денесіне жақын орналасқан ба, оны өндіру үшін қосымша шахта немесе карьер қажет пе – осының бәрі маңызды», – дейді ол.

Тағы бір негізгі көрсеткіш – борттық құрам (cut-off grade). Бұл кенді өндіруге тұрарлық ең төменгі металл мөлшерін көрсетеді.

Мысалы, металл бағасы қымбаттаса немесе өндіріс шығыны азайса, бұрын тиімсіз деп саналған кеннің бір бөлігі өндіруге жарамды болуы мүмкін. Ал шығын өссе немесе металл бағасы арзандаса, керісінше, қор көлемі қысқаруы ықтимал.

Сондықтан ресурс 40%-ға өсті деген хабарды компания құны да 40%-ға өседі деп қабылдауға болмайды.

Жоба құны неден құралады?

Кен орнының геологиясы – жобаны бағалаудың бастапқы бөлігі ғана.

Одан кейін техникалық-экономикалық есеп жасалады. Сол кезде компания кеннің қанша бөлігін өндіре алатынын, жылына қанша руда өңдейтінін және қанша металл сататынын есептейді.

Жобаның құнына төмендегідей факторлар әсер етеді:

  • кеніш пен фабрика салуға кететін қаржы;
  • өндірістік шығын;
  • кендегі металл үлесі;
  • металды бөліп алу деңгейі;
  • жылдық өндіріс көлемі;
  • металл бағасы;
  • салықтар мен инфрақұрылым шығыны әсер етеді.

Осы көрсеткіштер арқылы жобаның болашақ ақша ағыны есептеледі.

Сондықтан кен орнын бағалағанда жер астындағы металдың жалпы көлеміне ғана қарау жеткіліксіз.

Инвестор үшін негізгі сұрақ – кенде қанша металл бары емес, соның қанша бөлігін тиімді өндіріп, сатуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз