
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының айналасында қызу талқы жүріп жатыр. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі, белгілі сарапшы Мұрат Темірхановтың жазуынша, Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) Парламентке ұсынған толық қорытындысы жұртшылыққа ашық жарияланбаған. Дегенмен аудиторлар дайындаған құжатта Үкіметтің бюджетті жоспарлауда жиі жіберетін жүйелі қателіктері мен тәуекелдері айқын көрсетілген.
Макроэкономикалық болжамдағы алшақтық
Бюджет жоспарын дайындау кезіндегі басты кемшілік – макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрмалануы. Аудиторлар Үкіметтің экономикалық өсімге қатысты болжамдары Ұлттық банк пен халықаралық қаржы институттарының бағалауымен сәйкес келмейтінін ескертеді.
Министрлер кабинеті елдің экономикалық әлеуетін асыра бағалап, тым оптимистік жоспар құрған. Мұндай үстірт көзқарас алдағы үш жылға арналған бюджет параметрлерінің негізсіз өсуіне алып келеді.
Шығын мен кіріс неге жиі өзгереді?
Аудиторлық есепте бір жылдың бюджет көрсеткіштері Әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарында (ӘЭДБ) қайта-қайта қаралатыны айтылған. Яғни, бір мезгілдің өзінде көрсеткіштер тұрақсыз құбылып отырады.
Әсіресе бюджет шығыстары, Ұлттық қордан алынатын трансферттер мен мұнайға жатпайтын тапшылық бойынша алшақтық өте үлкен. Жоспардың жиі өзгертілуі орта мерзімдік болжамдардың әлсіздігін көрсетеді және экономикалық саясатқа деген сенімді төмендетеді.
Салық реформасы үмітті ақтамады
Аудиторлар мен сарапшылардың пікірінше, жүргізілген салық реформасы қазынаны толтыруға тиісті деңгейде септігін тигізе алмады. 2026 жылға арналған салық түсімдері бастапқыда 18,9 трлн теңге болады деп жоспарланса, тамыз айында бұл бағалау 16,8 трлн теңгеге дейін кенет төмендеген.
Бұдан бөлек, салық түсімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2027 жылғы 10%-дан 2029 жылы 9,5%-ға дейін азаяды деп болжанған Дұрыс жолға қойылған салық жүйесінде бұл үлес төмендемеуге тиіс. Төмендеу, керісінше, реформаның тиімсіздігін білдіреді.
Ұлттық қорға түсетін салмақ
Үкіметтің бюджет тесігін Ұлттық қордың ақшасымен жамау әдеті әлі тыйылмай отыр. ЖАП сарапшылары бұл үрдіс қордың жинақтау функциясына үлкен қауіп төндіретінін ашық айтады.
Қаржы ережелерін бұзып, мұнай түсімдеріне қайта иек арту макроэкономикалық тұрақтылыққа нұқсан келтіреді. Ол инфляцияны жеделдетіп, теңге бағамына кері әсер етеді және несие пайыздарын қымбаттатады. Ал жоғары инфляция ең алдымен халықтың нақты табысына соққы болып тиеді.
Қарызды өтеуге кететін орасан қаражат
Жобада республикалық бюджет шығыстары рұқсат етілген шекті деңгейге дейін жеткізілген. Бұл сыртқы немесе ішкі форс-мажорлық жағдайлар орын алғанда Үкіметтің мансаптық резервсіз қалатынын көрсетеді.
Тағы бір қауіпті тренд – мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындарының артуы. 2027 жылы бұл мақсатқа бюджеттің өз түсімдерінің 41%-дан астамы немесе жалпы шығыстардың 30%-ы жұмсалмақ. Бұл — қазына үшін өте ауыр жүк.
«Бәйтерек» холдингіне қатысты күмән
Сарапшының айтуынша, экономиканы квазимемлекеттік сектор арқылы ынталандыру тәсілі де үлкен сұрақ туғызады. 2026 жылы «Бәйтерек» холдингіне бюджеттен 1 трлн теңгеге капитал құю жоспарланған. Үкімет бұл қаражат нарықтан қосымша 7 трлн теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп сендірген еді.
Алайда 1 тамыздағы жағдай бойынша бюджеттен бөлінген 1 трлн теңгенің тек 397,5 млрд теңгесі аударылып, оның 147,6 млрд теңгесі (бар болғаны 14,8%-ы) ғана игерілген. Нарықтан тартылған қаржы да жоспардың 17%-ынан аспайды.
Аудиторлар бұл холдингте тиімді жобалар пулының жоқтығын айтып, бюджеттен қаржыландыруды азайтуды ұсынған. Дегенмен бұл ұсыныс ескерусіз қалған сыңайлы. Мұндай тиімсіз субсидиялау нарықтық бәсекені бұзып, бағаның өсуіне әкеп соғады.
Тамызда үкімет 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жоспарын ұсынған еді. Соған сәйкес, алдағы үш жылда Ұлттық қордан 11,8 трлн теңге алынбақ.