
Еуропаның ірі қаржы алыбының бірі – Raiffeisen Bank Орталық Азияны өзінің жаңа даму межесі ретінде таңдады. Аустриялық банк инфрақұрылымын кеңейтіп, өңірдегі, оның ішінде Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерді сатып алу арқылы нарыққа кіруді жоспарлап отыр.
Raiffeisen Bank International (RBI) Орталық Азияны өзінің даму стратегиясындағы басты жаңа бағыттардың бірі етпек. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, банктің бас атқарушы директоры Майкл Холлерер жақында таныстыратын жаңа стратегияда Қазақстан мен аймақтағы өзге мемлекеттер өсімнің басты драйвері ретінде көрсетіледі.
Raiffeisen өкілдерінің айтуынша, банктің аймаққа келуі – жаһандық сауда-саттық пен қаржы ағындарының өзгеруіне жасалған табиғи әрі заңды реакция.
Сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен BlackRock секілді алпауыт инвестициялық қорлар Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа капитал тарту орталықтары ретінде қарастырады. Банктің аймақтағы бизнесін кеңейтудің бір жолы – жергілікті қаржы институттарын сатып алу болуы мүмкін. Әзірге нақты келіссөздер басталмағанымен, австриялық банк бұл мүмкіндікті мұқият зерделеп жатыр.
3,15 миллиард еуро капиталдың серпіні
Raiffeisen-нің Азия нарығына енуіне ірі қаржы жеңісі серпін беруі ықтимал. 22 қыркүйекте Австрия соты банктің пайдасына шешім шығарған. Енді банк ресейлік кәсіпкер Олег Дерипаскаға тиесілі болған Rasperia Trading компаниясының Аустриядағы бұғатталған активтерін өндіріп алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл дау ресейлік еншілес банк пен Strabag құрылыс концерні арасындағы тоқтатылған мәміледен кейін туындаған еді.
Сот шешімі заңды күшіне енсе, Raiffeisen 3,15 млрд еуро (3,6 млрд доллар) көлеміндегі қаражатты өз бақылауына алады. Мұндай ауқымды капиталды иемдену болжамы банктің акцияларын жыл басынан бері 71%-ға өсіріп, оны Еуропадағы ең табысты қаржы институттарының қатарына шығарды.
2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірмес бұрын Ресейге халықаралық банктерден 12 млрд доллардан астам қолма-қол ақша келген. Солардың арасында Raiffeisen Bank те болған.