
«Ақ жол» фракциясының депутаттары шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге бір-екі жылға мораторий енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media. Сонымен қатар депутаттар кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды қайта қарап, мемлекеттік бақылауды барынша цифрлық форматқа көшіру қажет деп санайды.
Депутаттық сауалда қазір бизнес жаңа салық ережелеріне, мемлекеттік жүйелердің цифрландырылуына және басқа да реттеушілік өзгерістерге бір мезгілде бейімделіп жатқаны айтылған. Фракция өкілдерінің пікірінше, бұл кәсіпкерлерден бухгалтерлік есепті, бизнес-процестер мен қаржылық жоспарлауды қайта құруға қосымша шығын талап етеді.
Депутаттар әсіресе шағын және орта бизнесті жиі тексеруден және әкімшілік қысымнан қорғау керек деп есептейді.
«Тексеріс пен бақылауға келгенде кішігірім кәсіпкер мен экономикаға үлкен ықпалы бар ірі компанияны бір қатарға қоюға болмайды», – делінген сауалда.
Фракция мемлекеттік бақылау бизнестің көлеміне ғана емес, оның қызметінен туындайтын қауіп деңгейіне қарай жүргізілуі керек деп санайды. Бақылау ресурстарын салдары ауыр болуы мүмкін бұзушылықтарға, ірі компаниялар мен тәуекелі жоғары кәсіпорындарға бағыттау ұсынылған.
ШОБ-ты тексеруге мораторий
«Ақ жол» депутаттары Үкіметке үш негізгі ұсыныс жолдады.
Біріншісі – шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге бір-екі жыл мерзімге мораторий енгізу. Бұл шектеу азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген, апат немесе төтенше жағдай болған кезде және заңда арнайы қарастырылған өзге жағдайларда қолданылмауға тиіс.
Екіншісі – ШОБ-қа қатысты реттеушілік талаптарды толық қайта қарау. Депутаттар қайталанатын, артық немесе негізсіз рәсімдерді алып тастап, бақылау шараларының басым бөлігін кәсіпкердің нысанына бармай-ақ жүргізілетін цифрлық және алдын алу форматына ауыстыруды ұсынады.
Үшіншісі – мемлекеттік бақылау ресурстарын қайта бөлу. Фракцияның ұсынысы бойынша, негізгі назар заң бұзушылықтарының салдары ауқымды болуы ықтимал ірі бизнеске, монополияларға және тәуекелі жоғары кәсіпорындарға аударылуы керек.