
Жаңа институт 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысын бастайды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қаржы омбудсмені қызметі кеңесінің отырысында бас қаржы омбудсмені және банк, микроқаржы, сақтандыру салалары мен бағалы қағаздар нарығындағы омбудсмендер сайланды.
Бас қаржы омбудсмені әрі бағалы қағаздар нарығындағы қаржы омбудсмені қызметіне Мария Хаджиева таңдалды. Ол бұған дейін Әділет министрлігінде, Ұлттық банкте және қаржы нарығын реттеу органдарында жұмыс істеген. 2019–2025 жылдары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары болды.
Банк саласындағы қаржы омбудсмені қызметіне Руслан Ибрагимов, микроқаржы саласына Назгүл Естеусізова, сақтандыру саласына Қанат Әлігулов сайланды.
Бірыңғай қызмет банк, микроқаржы және сақтандыру омбудсмендерінің қолданыстағы институттарын біріктіріп, тұтынушылардың брокерлік қызметтерге қатысты құқықтарын қорғау тетігін де қамтиды.
Қаржы омбудсмені қызметінің негізгі міндеттері – қаржылық қызмет тұтынушыларының өтініштерін қарау, қаржы өнімдеріне қатысты дауларды сотқа дейін реттеу және жеке тұлғалардың қарыздарын олардың қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып реттеуге жәрдемдесу.
Қызмет жұмысын цифрландыруға, қарыздарды жеке және ұжымдық реттеуді дамытуға, сондай-ақ Finkelisim.kz платформасы мен «Қарызсыз қоғам» жобасымен өзара іс-қимыл жасауға басымдық бермек.
Сонымен қатар омбудсмен қызметі келіп түскен өтініштерді талдап, қаржы ұйымдарының тұтынушылардың құқықтарына қатысты жүйелі мәселелері мен қайталанатын тәжірибелерін анықтайды.
Қаржы қызметтерін тұтынушылардың өтініштерін қарау тегін жүргізіледі.