
Астанада 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңге деп белгілеу ұсынылып отыр, деп жазады Kursiv.Media.
Елордада жол жүру тарифі 2014 жылы 90 теңге болып белгіленген. Кейін бір рет қайта қаралып, қазір 110 теңгені құрайды. Осы кезеңде жанармай, қосалқы бөлшектер, автобустар мен жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар айтарлықтай өскен.
Мәселен, дизель отынының бағасы 2014 жылғы шамамен 107 теңгеден қазір 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал жүргізушілердің орташа жалақысы 100-150 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін өскен.
Соңғы үш жылда елордадағы тасымалдаушылар 1127 жаңа автобус сатып алған.
Қала әкімдігі хабарлағандай, бұл ретте зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, соғыс ардагерлері және басқа да жеңілдік санаттарына жататын азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын пайдалана алады. 2020 жылдан бері Астанада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар да тегін қатынайды.
Ұсыныс қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін жаңарту және маршруттық желіні дамыту қажеттілігі үшін енгізіген.
Алматыда қоғамдық көлік ақысы 120 теңге, ал қалған өңірлердегі тарифтерді осы жерден оқысаңыз болады.