
Freedom Банктің AI&Digital Bridge форумының аясында өткен «Қаржыдағы AI-агенттер: шешімді кім қабылдайды: адам ба әлде алгоритм бе?» атты панельдік сессиясына қатысушылар жасанды интеллектті (ЖИ/AI) қолданудың артықшылықтарын, қандай сын-қатер туындауы мүмкін екенін талқылады.
Freedom Банкінің Бас комплаенс-бақылаушысы Әсель Сүлейменова ЖИ-дің арқасында банктегі процестер едәуір жеделдегеніне назар аударса, Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев сақтандыру секторындағы ЖИ-дің тиімділігі туралы айтып өтті.
Freedom Банк басқарма төрағасының digital-жобалар жөніндегі кеңесшісі Айнұр Темірханқызы ЖИ-дің әртүрлі салаларда кеңінен қолданылу үрдісін атап өтті.

«Бұрын несие конвейері мен скоринг жүйелерінде шешім қабылдау үшін AI мен ML-ді қолдансақ, кейіннен жасанды интеллектіні дайын әзірлемеге енгізе бастадық. Яғни, бұл – клиенттермен қарым-қатынас орнататын чат-боттар дәуірі болды. Бүгінде әңгіме Agentic AI, яғни бағдарламалық жасақтама мен шешімдерге AI-агенттерді қолдану туралы», – деді ол.
Сондай-ақ, ол жиынға қатысушыларға жасанды интеллектіні пайдалану кезінде түпкілікті шешімді кім қабылдайды: адам ба, әлде машина ма деген тақырыпта ой бөлісуді ұсынды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов қаржылық қадағалау жасанды интеллектіні қолданудағы соңғы нәтижені ғана емес, сонымен бірге оған қандай модельдердің тартылатынын және шешім қабылдаудың толық процесін реттеуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-агенттерді реттеуге кіріспес бұрын, олардың табиғаты мен сипатын, көздейтін мақсатын, сондай-ақ оларға қандай баптау мен нұсқау берілгенін нақты түсініп алу қажет.

Әбілқасымов агенттік іс-қимылды қадағалау жүйесін енгізе бастағанын еске салып өтті. Бұл ретте сатылатын қызмет жасырын комиссиясыз және басқа да кемшіліктерсіз адал көрсетілуі маңызды.
«Яғни, біздің міндетіміз – ашықтықты қамтамасыз ету. Егер агенттер өзінің функциясын дұрыс орындаса, белгілі бір сенім деңгейі бар, белгілі бір сомаға, белгілі бір нәрсеге сенім білдірген human in the loop (процестегі адам) болса, онда бұл қалыпты жағдай», – деді Тимур Әбілқасымов. Сонымен қатар ол әлемде сыналатын ЖИ-агенттердің қазірдің өзінде шешім қабылдап жатқанын атап өтті.
Сондықтан ол жасырын «джейлбрейкингтен» (тек рұқсат етілген операциялар немесе процестер тізімін ғана емес, оның барлық теориялық мүмкіндіктерін пайдалану үшін жүйені бұзу) қорғау жүйесін құру қажет деп есептейді. Әзірге банктерде бұл жүйе қатты дами қойған жоқ. Дегенмен реттеуші басқа тәуекелдер сияқты бұл сын-қатерді де басқаруды үйренбек.
ҚР Ұлттық банкі Цифрлық трансформация департаментінің директоры Айжан Аринова қаңтар айында Ұлттық банк өз GPU-кластерінде оқшауланған NBK-AI платформасын іске қосқанын, онда ЖИ-шешімдері қолданылып жатқанын айтты. Кластер банк құпиясы мәселелерін сақтауға көмектеседі және күн сайын Ұлттық банк қызметкерлері 10 шешімді пайдаланады. Бұл тәжірибені Ұлттық банктің еншілес ұйымдарына енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, ол тиімсіз шешімдерді аз қабылдау үшін модельдер біркелкі деректер қоры негізінде үйретілуі тиіс деп есептейді:
«Біз мақсатты түрде алдымен деректер қорын енгізуді бастадық. Бұл – бүкіл деңгей бойынша сипатталған, жинақталған деректердің бірыңғай сараптамалық қабаты. Ол – деректердің сапасы, метадеректер және басқалары. Тек келесі кезең ретінде осы құрылымдалған деректер негізінде жасанды интеллекті енгізіледі», – деді ол.
Mastercard-тың Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов ендігі басты мәселе – ЖИ-ді пайдалану процесін монетизациялау екенін айтады.
«Басты сұрақ – AI-экономиканы қалай қалыпастырып және құру керек, мұны қалай монетизациялаймыз, адамдар бұнымен ары қарай қалай жұмыс істейді, міне, үлкен сұрақ осы», – деген ол Қазақстандағы реттеу әдістері инновацияларды бұғаттамай, оларға көмектесуі тиіс екенін атап өтті.

Санжар Жамалов ЖИ дәуірінде басты мәселе – сенім деп санайды. Сенімге кірмесе, адамдар кез келген қызметті пайдаланбайды. Осы ретте Жамалов қауіпсіздік үшін клиенттерге кейбір сервистер бойынша тек белгілі бір төлем сомасына ғана келісім беру мүмкіндігін беруді ұсынды.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алдын алу және талдау әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары Санжар Аккисев соңғы шешімді ЖИ көмектесетін адамның өзінде қалдыру керек екеніне сенімді.

«ЖИ бізге бүкіл үлгілерді (паттерндерді) бақылауға көмектесуі керек, осылайша біз осы транзакциялар жиынтығынан қайсысының тәуекелі жоғары екенін таба аламызү Жүйе бізге қаржының қайдан қозғала бастағанын, шартты түрде қай жерде айырбастаудан өткенін және кейін қайда аударылғанын толық ашық көрсете алуы тиіс. Сондықтан жасанды интеллект жағдайды толық сипаттар берсе, ал осыдан шыққан нәтижені адам өзі бағалауы тиіс», — деді ол.
Freedom Банкінің Бас комплаенс-контролері Әсел Сүлейменова бұғаттаудың көптігіне байланысты банк олардың әрқайсысын жеке талдауға міндетті екенін, бұл мыңдаған қорытынды шығарылатын, қолмен жасалатын жұмысы екенін, сондықтан банк процесті өзгерткенін атап өтті. Бұрын жүйе операцияның қалыпты екенін зерттесе, енді клиент іс-әрекеті қаншалықты күмәнді екенін зерделейді.

«Өйткені транзакция алдауы мүмкін, ал іс-әрекет ешқашан алдамайды», — деді Әсель Сүлейменова.
ЖИ-платформа клиенттің операцияларын оның профилімен салыстыру арқылы күмәнді іс-әрекетті анықтайды: ақшаның шотта қанша уақыт тұрғаны, аударымдар арқылы байланыстар, бұл ретте қандай құрылғылар мен телефон нөмірлері пайдаланылады. ЖИ-агенттер клиенттен түсініктеме сұрап, қорытынды дайындай алады. Ары қарай шешімді адам қабылдайды. Бұл ретте ЖИ айларға созылатын жұмысты бірнеше күнге дейін қысқартты.
Көптеген адамда бірнеше банктің картасы, бірнеше мобильді нөмір мен криптоплатформа аккаунттары болуына байланысты, алдын алу жұмыстары ҚМА-мен бірлесіп жүргізілуі тиіс. ҚМА ақшаны шығару схемаларының типологияларын ұсынды, банк оларды өзінің ЖИ-платформасында жұмыс істейтін ML-модельдерге айналдырды. AI Compliance платформасында Freedom 100-ден астам ЖИ-агент құрылып, олар әртүрлі кейстерді тергеп-тексереді.
Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев сақтандыру саласындағы тәжірибесін айтып берді.
«Спутниктік деректер мен компьютердегі ақпарат негізінде шешімді алгоритмдер қабылдайды. Біз осы шешім негізінде шаруаларға лезде төлем жасаймыз және оған ешкім дауласпайды. Бұл, бәлкім, шешімді алгоритм қабылдайтын компаниямыздағы жалғыз кейс шығар», — деді ол.

Компания бірнеше жыл ішінде өсімін 10 еседей арттырып, оны бәрінен бұрын колл-орталық сезінген. Freedom Insurance жұмасқа адам қабылдамай-ақ, робот енгізу арқылы осы істі автоматтандырды. Клиенттермен арадағы әңгіме жазбаларын талдай келе, компания клиенттің колл-орталыққа хабарласуының үш-ақ себебі бар екенін анықтады — сақтандыру полисін рәсімдеу немесе қайта рәсімдеу, сондай-ақ төлем алу. Автоматтандырудан кейін колл-орталыққа түскен бүкіл өтініштердің 42%-ын робот аяқтайды.
Freedom Банкі басқарма төрағасының digital-жобалар жөніндегі кеңесшісі Айнұр Темірханқызы журналистерге банктің несиелік скорингте ЖИ-ді қолдана бастағанын, онда ML-модельдері пайдаланылғанын хабарлады.
«Цифрлық ипотека мен автонесиені іске қосып, жылжымайтын мүлік пен автокөлікті бағалау үшін ML-ді пайдаландық. Яғни, осы бағыттағы жолымыз осыдан бес жыл бұрын, нарықта мұндай өнімдерді бірінші болып іске қосқан кезде басталды. Одан әрі ЖИ клиенттік қосымшаларда кеңінен қолданыла бастады. Бұл – клиентіміздің қызмет алуын барынша жеделдету және оған үздік сервис ұсыну үшін роботтар клиенттерге жауап беретін чат-боттар, колл-орталықтардың жауаптары», — деді ол.
ЖИ-дің арқасында жылжымайтын мүлікті бағалау да жеделдеді.
«Жылжымайтын мүлікті маман бағалағанда, ұзақ уақыт алуы мүмкін. Біз жылжымайтын мүлікті бір секундта бағалауды үйрендік. Егер қазір жұмысымызда бар кейстерді айтсақ, мысалы, корпоративті несиелеуде біз қазір бұл агенттік ЖИ-платформаны заңгерлерге бердік, ал заңгерлер өз агенттерін құрып жатыр», — деді ол.
Мысалы, ірі корпоративтік клиент банкке несие алуға келгенде, заңгерлер міндетті түрде тексеретін құжаттар болады. Банк осы құжаттарды қарап шығатын 96 ЖИ-агент құрды. Қазір бұл платформа валидация (тексеру) процесінен өтіп жатыр. Сонымен қатар бұл жүйе комплаенс-процедуралар, несие менеджерлері және HR бөлімінің де жұмысына қатысты. Осылайша, жасанды интеллект болашақта да банктік қызмет көрсету процесін жеңілдетіп, жақсарта түседі.
