Жоғары мөлшерлеме шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығына тартып жатыр

Жарияланды 5 Қазан 2026 12:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Carry trade қайта өсті / фото: Kursiv Media

Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Қыркүйекте нерезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаржысы 72,4 млрд теңгеге көбейіп, 2,7 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының нарық шолуында айтылған, деп Kursiv Media хабарлайды.

Қыркүйектің өзінде нерезиденттердің портфелі 2,7%-ға өскен. Ал жыл басынан бері олардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған қаражаты 37,8%-ға артты.

Соның нәтижесінде шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы үлесі жыл басындағы 6,2%-дан 7,4%-ға дейін өсті.

Неге шетелдіктер Қазақстан облигацияларына қызығып отыр?

Қаржыгерлер қауымдастығы мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі – инфляцияның баяулауы.

Қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан 9,3%-ға дейін төмендеді. Айлық инфляция үшінші ай қатарынан 0,6% деңгейінде қалып отыр.

Сонымен бірге Қазақстанда пайыздық мөлшерлемелер әлі де жоғары. Ұлттық банк 4 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткен болатын.

Яғни қазіргі базалық мөлшерлеме мен жылдық инфляцияның арасындағы айырма шамамен 6,95 пайыздық тармақты құрайды. Бұл теңгемен шығарылған жоғары кірісті мемлекеттік облигацияларды шетелдік инвесторлар үшін тартымды етіп отыр.

Қаржыгерлер қауымдастығы инфляцияның әрі қарай баяулауы, нақты мөлшерлемелердің жоғары болуы мен Қазақстанның елдік тәуекеліне қатысты бағалаудың жақсаруы теңге түріндегі құралдарға сұранысты қолдауы мүмкін деп есептейді.

Теңге екі күн қатарынан әлсіреді

2 қазанда KASE-дегі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 1,77 теңгеге өсіп, 442,26 теңгеге жетті. Валюта нарығындағы сауда көлемі $419,5 млн болды.

Қаржыгерлер қауымдастығы теңгенің екі күн қатарынан әлсіреуін алдыңғы апталардағы айтарлықтай нығаюдан кейін шетел валютасына ішкі сұраныстың артуымен байланыстырады. Импорттық келісімшарттар бойынша корпоративтік төлемдер мен сыртқы міндеттемелер де долларға сұранысты арттыруы мүмкін.

Соған қарамастан, жоғары нақты мөлшерлеме шетелдік инвесторлардың теңгелік активтерге қызығушылығын сақтап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз