
Қазақстандық «7 қарақшы» фильмі прокаттағы алғашқы екі аптада көрермен қызығушылығы бойынша көш бастады. Freedom Ticketon жариялаған Box Office деректеріне сүйенсек, фильм екі демалыс күнінің қорытындысында кинотеатрлардан 435,6 млн теңгеге жуық касса жинаған.
24–27 қыркүйек аралығындағы алғашқы демалыста «7 қарақшы» 278 948 920 теңге жинап, Қазақстандағы бокс-офисте бірінші орынға шықты. Ал 1–4 қазан аралығындағы екінші демалыста фильм тағы 156 634 110 теңге табыс тапқан.
Осы екі кезеңдегі көрсеткішті қосқанда, фильмнің кассалық түсімі 435 583 030 теңгені құрайды.
Фильмге 720 млн теңге жұмсалған
«7 қарақшының» режиссері әрі продюсері Қуаныш Бейсек фильмнің бюджетіне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Оның айтуынша, картинаға 720 млн теңге жұмсалған.
Бейсек түсірілімнің 47 ауысымға созылғанын жазды. Оның сөзінше, әдетте Қазақстанда фильмдер шамамен 15–20 ауысымда түсіріледі.
Автор жариялаған есеп бойынша, түсірілім алаңындағы команданың гонорарына 170 млн теңге, техника мамандарына 30 млн, кинотехниканы жалға алуға 44 млн, көлікке 56 млн, актерлерге 55 млн, постпродакшнға 73 млн теңге жұмсалған. Декорация мен көркемдік бөлім шығыны 204 млн теңгеге жеткен. Локация іздеуге тағы 5 млн теңге кеткен. Бейсек бұған қоса, 83 млн теңге ҚҚС төленгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, фильм үшін бункер, ауылдағы үй, банк пен түрме декорациялары толық салынған, пойыздың іші мен сырты жасалған және түсірілімге төрт көлік сатып алынған. Постпродакшнда шамамен 300 кадрдағы бомбалар компьютерлік графика арқылы ауыстырылған.
Осылайша, жарияланған екі аптаның нәтижесі бойынша «7 қарақшы» 720 млн теңгелік бюджетінің шамамен 60,5%-ына тең касса жинаған. Алайда кассалық түсімді фильм жасаушылардың таза табысымен теңестіруге болмайды: билет сатылымынан түскен қаражаттың бір бөлігі кинотеатрлар мен басқа да прокат қатысушыларына тиесілі.