Банк ЦентрКредит 4 млн-нан астам акциясын кері сатып алмақ

Жарияланды 7 Қазан 2026 11:11

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
BBC-дің қор нарығындағы жаңалығы / фото: Kursiv Media

Банк ЦентрКредит (CCBN) 7 қазанда Қазақстан қор биржасында 4,135 млн жай акциясын кері сатып алу үшін арнайы сауда өткізеді. Егер жарияланған көлем толық сатып алынса, мәміленің жалпы сомасы шамамен 18,2 млрд теңгеге жетуі мүмкін деп хабарлайды Kursiv Media.

KASE мәліметінше, банк бір акция үшін 4 399 теңге ұсынады. Кері сатып алудың жарияланған көлемі – 4 135 000 акция. Бұл айналымдағы 188,029 млн акцияның шамамен 2,2%-ына тең. Сауда 7 қазанда өтеді.

Акцияларды сатуға өтінімдер Астана уақытымен 10:00-ден 12:00-ге дейін қабылданады. Есеп айырысу сол күні сағат 14:30-да жүргізіледі. Сауданы өткізудің бастамашысы – Банк ЦентрКредиттің еншілес ұйымы BCC Invest.

Банк ЦентрКредит директорлар кеңесі бұған дейін 6 819 732 жай акцияны кері сатып алу туралы шешім қабылдаған. Бағдарлама 2026 жылғы 10 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Сатып алу бағасы да бір акцияға 4 399 теңге болып белгіленген.

6 қазанда Банк ЦентрКредит акциясының KASE-дегі соңғы мәміле бағасы 4 882,28 теңге болды. Демек, банктің кері сатып алу үшін ұсынып отырған 4 399 теңгелік бағасы нарықтағы соңғы бағадан шамамен 9,9% төмен.

Егер банк жарияланған 4,135 млн акцияның барлығын 4 399 теңгеден сатып алса, оған шамамен 18,19 млрд теңге жұмсайды. Нақты сатып алынған акция саны мен мәміле сомасы арнайы сауда қорытындысынан кейін белгілі болады.

Акционер үлесі қандай?

Банк ЦентрКредиттің ең ірі акционері – Бахытбек Байсейітов. KASE-нің 2026 жылғы 1 шілдедегі дерегіне сәйкес, оған банктің 91,1 млн жай акциясы тиесілі. Бұл жай акциялардың 51,76%-ына тең. Барлық орналастырылған акцияларды есептегендегі үлесі – 40,11%. Тағы бір ірі акционер Владислав Лиге 20,98 млн жай акция немесе жай акциялардың 11,92%-ы тиесілі. Оның банктегі жалпы үлесі 9,23%-ды құрайды .

Сондай-ақ оқыңыз