8 айда Ұлттық қорға мұнай компанияларынан қанша қаржы түсті

Жарияланды 8 Қазан 2026 10:21

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қорға қанша қаржы түсті / Фото: shutterstock.

2026 жылдың 8 айында Ұлттық қорға мұнай секторынан 3,17 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылдан 15,7%-ға немесе 430 млрд-қа артық, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Түсімнің басты бөлігі – корпорациялық табыс салығы. Оның көлемі 45,8%-ға өсіп, 1,16 трлн теңгеге жетті. Экспорттық рента салығы 48%-ға артып, 360 млрд-ты құрады. Өнімді бөлу келісімшарттары бойынша қосымша төлемдер 67,1%-ға көбейіп, 146 млрд теңге болды.

Дегенмен кейбір салық түрлері азайған. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы 8,9%-ға төмендеп, 710 млрд теңгені құрады.

Үстеме пайда салығы 22 млрд теңге. Бонустар 615 млн теңгеге дейін азайды. Айыппұлдар мен басқа да түсімдер 5,6 млрд теңгені құрады.

Барлық баптар бойынша жалпы түсім 3,18 трлн-ға жетті. Өсім – 15,3% немесе ₸421 млрд.

Осы кезеңде Ұлттық қордан бюджетке 2,42 трлн трансферт бағытталды. Бұл жиналған түсімнің 76%-ын құрайды. Нәтижесінде мұнай салықтары мен бюджетке берілген трансферт арасындағы айырмашылық 750 млрд теңгеге жетті. Қордың бірінші жартыжылдықтағы инвестициялық табысы $1,9 млрд-ты (2,9%) құраған.

Ұлттық қордан жыл сайын қомақты қаржы жұмсалып, «қауіпсіздік жастығындағы» ақша кеми басаған кезде үкімет ес жиып, 2026 жылы кепілді трансферт ретінде 2,77 трлн теңге ғана алуға бел буды. 

Дегенмен, биыл жоспар күрт өзгерді. Алдағы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, кепілді трансферттен бөлек, нысаналы трансфер ретінде қосымша 5 трлн теңге алынбақ.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл ақша «аса маңызды инфрақұрылым жобаларына» жұмсалатынын айтты. Осылайша, қордан алынатын ақша қайта көбейіп, алдағы үш жылда 11,8 трлн теңгеге жуықтайды. Нәтижесінде 2029 жылға қарай қор қаржысы 70,6 млрд долларды құрамақ.

Сондай-ақ оқыңыз