
Қазақстанда «Қазақ аруы – 2026» ұлттық сұлулық байқауының кастингі аяқталды. Продюсер Баян Алагөзова ұйымдастыратын байқаудың финалына еліміздің әр өңірінен 22 ару жолдама алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Іріктеу кезеңінде қатысушылар қазылар алқасына өз өнерін мен қабілеттерін көрсетті. Кастинг қорытындысы бойынша үздік деп танылған 22 бойжеткен енді бас жүлде үшін бақ сынайды.
Байқаудың финалы 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Сол күні 22 қатысушы үлкен сахнаға шығып, «Қазақ аруы – 2026» атағы мен жеңімпаз тәжі үшін таласады.
Ұйымдастырушылар финалистер арасында жеребе өткізіп, олардың сахнаға шығу ретін де анықтады.
Финалға Алматыдан Асылым Өтепберген, Айжан Әбілда, Ақерке Сәкенқызы және Аружан Омар қатысады. Шымкент қаласының намысын Зарема Абайқызы, Мереке Жарқынбек пен Сымбат Әбубәкір қорғайды.
Астанадан Айғаным Риахан мен Фатима Мамырқұл, Тараздан Мадина Әзімбек пен Әлия Жаңабай, Қостанай облысынан Әйгерім Қайпен мен Аружан Өмірзақ іріктеуден өткен.
Сонымен қатар финалистер қатарында Атыраудан Қарақат Бағытқали, Оралдан Айзада Кибашова, Өскеменнен Балғын Айдынқызы, Түркістан облысынан Балым Ахет, Ақтөбеден Айнұр Кәдірхан, Ақтаудан Фатима Құсайынова, Қарағанды облысынан Ақбота Жарас, Қызылорда қаласынан Ақбота Есмұхамбетова және Қызылорда облысынан Гүлназ Кеңес бар.
Қазір Баян Алагөзова мен ұйымдастыру тобы байқаудың шешуші кезеңіне дайындық жүргізіп жатыр. Финалда 22 арудың біреуі ғана жеңімпаз атанып, «Қазақ аруы – 2026» тәжін иеленеді.
Еске сала кетейік, 2025 жылы «Қазақ аруы» байқауын талдықорғандық Дәрия Қуатжан жеңген еді.