
Нобельдің әдебиет саласындағы сыйлығын биыл кім алатыны бүгін бесін шайын демдегенге дейін белгілі болмақ. Ал сыйлыққа ресми түрде нақты кімді, қай тарап, қанша рет ұсынғанын біз 50 жылдан кейін ғана біле аламыз, өйткені Нобель комитетінің номинациялар сақталған мұрағаты сол кезде ғана ашылады.
Осы жолы сыйлықты қытайдың Цань Сюэ немесе канадалық Энн Карсон, болмаса австралиялық Джеральд Марнейн, тіпті әйгілі Харуки Мураками алып қалар деген болжамдар айтылып жатыр. Дегенмен, бір байқағанымыз, есімі ел аузынан түспей, мүдделі тараптар жаппай ұсынып жатқан қаламгерлерге сыйлық бұйырмайды.
Нобельдің жабық мұрағаты
Жыл басында Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынылғандар туралы деректер архивіне кіруге рұқсат алып, қазір қолжетімді болып тұрған 1974, 1975 жылдардағы материалдарды шолып, талдап көрдік. Талдау нәтижелері «көп номинация жинаған тұлға сол жылы сыйлық алмайды, келесі жылы алады не тіпті алмайды» деген тұжырымды растады.
Әдебиет саласындағы сыйлықтың жайы да сондай. Қазір ашып қарауға болатын, мысалы, 1973-1975 жылдардағы номинанттар архивіндегі деректерге сенсек, ең көп номинация жинаған жазушы міндетті түрде Нобель сыйлығын алады дегенді білдірмейді.
Мәселен, көрсетілген үш жыл қатарынан сыйлыққа ұсынылып, бәрінен көп номинация жинаған жазушы – Эли Визельге (1973 жылы – 32 рет, келесі жылы 17 рет, одан кейінгі жылы 22 рет ұсынылған) сол жылдары, тіпті одан кейінгі кезеңде де әдебиет сыйлығын бермеді. Визель 1986 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алған.

Ел аузындағы үміткерлер
1973 жылы Швед академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын «әдебиет арқылы жаңа құрлықтың тыныс-тіршілігін танытып, эпикалық әрі психологиялық баяндау шеберлігімен көзге түскен» австралиялық жазушы Патрик Уайтқа (6 номинация) берді.
Сол жылы үміткерлер қатарында У. Х. Оден (12 номинация), Андре Мальро (8) және Владимир Набоков (5) сияқты көрнекті қаламгерлер де бар еді.
1974 жылғы сыйлықты швед жазушылары Эйвинд Юнсон (5) мен Харри Мартинсон (2) алды.
Сол жылы басты үміткерлердің арасында Андре Мальро (10), Хорхе Луис Борхес (7) және Грэм Грин (5) болды.
1975 жылы біраз номинация жинаған Уилсон Харрис (9), Владимир Набоков (8) және Грэм Грин (7) сияқты әйгілі авторлар тұрғанда, сыйлық «өмірге қиялға берілмей қарап, адамгершілік құндылықтарды асқан көркемдік амалдармен түйсінген дара поэзиясы арқылы» танылған итальян ақыны Эудженио Монталеге (2) бұйырған.
Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының биылғы иегерін хабарлайтын трансляцияны мына сілтеме арқылы көруге болады.