Қазақстан май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

Жарияланды 12 Қазан 2026 11:25

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Алдағы екі жылда күнбағыс майының экспортын арттырады/ gov.kz

Қазақстан 2028 жылға қарай май өнімдерінің экспортынан түсетін жылдық кірісті 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл үшін өндірістік қуаттарды кеңейту, шикізат қорын ұлғайту және дайын өнім экспортын арттыру жоспарланған, деп жазады Kursiv.Media.

Соңғы бес маусымда май өнімдерінің экспортынан түсетін кіріс бес есе өсіп, 247 млн доллардан 1,232 млрд долларға жетті. Былтыр бұл саланың өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы үлесі 27%-ды құрады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы май өңдеу кәсіпорындарының жылдық қуаты 5,2 млн тоннадан асады. Ал 2026–2028 жылдары өсімдік майын тазарту мүмкіндігін 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру көзделген.

Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, бұл дайын өнім өндірісі мен экспортын ұлғайтуға жол ашады.

«2026–2028 жылдары өсімдік майын тазарту мүмкіндігін 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру жоспарланып отыр. Бұл бөтелкеге құйылып, қаптамаға салынған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есе ұлғайтуға және дайын өнім экспортын кеңейтуге жол ашады. Бұдан кейін өсімдік майлары негізінде тағамдық майлар мен маргарин өндірісін дамытуға басымдық беріледі», – деді Ядыкар Ибрагимов.

2025 жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы, ал Қытайға жеткізуші елдер арасында екінші орынға шықты. Еліміз сондай-ақ Қытай мен Еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізетін жетекші үш елдің қатарында.

Қазақстандық өсімдік майының Орталық Азия нарығындағы үлесі де артып келеді. 2025 жылы Өзбекстан мен Тәжікстан нарықтарындағы отандық өнімнің үлесі 90%-дан асты. Жалпы, елімізде өндірілген май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады.

Экспортты ұлғайту үшін шикізат базасын кеңейту де маңызды. 2021 жылдан бері күнбағыс алқаптарының көлемі 958 мың гектардан 2026 жылы 2,2 млн гектарға дейін өсті. Сонымен қатар 2025 жылы өңдеуші кәсіпорындар шаруаларды қолдауға 43 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.

Логистика саласында да оң нәтижелер бар. Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын тасымалдауды үйлестіру нәтижесінде Қытайға жөнелту жоспарының орындалуы 90%-дан асты. Соңғы үш маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 3,7 еседен астам ұлғайды. Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші үш елдің қатарына қосып, май өнімдерінен түсетін жылдық валюталық кірісті 2 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Тағы да оқыңыз: Қазақстан 602 млн долларға күнбағыс майын экспорттады: негізгі сатып алушылар кім

Сондай-ақ оқыңыз