Былтыр таза пайдасын 10 есе қысқартқан Technodom қомақты дивиденд төлемек

Жарияланды 13 Қазан 2026 11:20

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

2025 жылы таза пайдасын 10 есе қысқартқан «Технодом» сауда желісі артықшылығы бар әр акция үшін 7000 теңге дивиденд төлемек, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Technodom Оperator компаниясы бұл дивидендті 2026 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айлары үшін төлемек. Дивиденд алуға құқығы бар акционерлер тізімі жасалып, ақша 19 қазаннан есепшоттарға аударылады. Компанияның 10 мыңнан аса артықшылығы бар акциясы орналастырылғанын ескерсек, төленетін дивиденд көлемі 70 млн теңгеден асады.

Компания есебіне сәйкес, 2024 жылы 387,7 млн теңге табыс тапқан Technodom-ның былтырғы таза пайдасы бар-жоғы 38 млн теңгені құраған.

Техника сататын дүкендер желісінің таза пайдасының азюына жалпы қаржы түсімінің қысқаруы әсер еткен. Сату көлемі 2024 жылғы 232,2 млрд теңгеден 2025 жылы 210,9 млрд теңгеге дейін төмендеді.

«Technodom Operator» АҚ-ның жалғыз акционері – Нидерландының Амстердам қаласында тіркелген TD Retail B.V. жеке компаниясы. Компанияның түпкілікті бақылаушы тарапы әрі негізгі иесі – Ким Эдуард.

Эдуард Ким Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына кіреді. Ол 197 млн доллар байлығымен Forbes тізімінде 52-орында тұр. 

Сондай-ақ оқыңыз