Өңірлер 412 млрд теңгені жұмсай алмады: жергілікті бюджет қалай орындалды

Жарияланды 13 Қазан 2026 10:13

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Жергілікті бюджет қалай орындалды/ фото: Kursiv Media

Қазақстанның жергілікті бюджеттеріне 2026 жылдың тоғыз айында 11,54 трлн теңге кіріс түсті. Бұл осы кезеңге белгіленген жоспардан 272,2 млрд теңгеге аз. Жоспардың орындалуы 97,7% болды. Ал шығыстар бойынша жергілікті әкімдіктер жоспарланған қаражаттың 96,5%-ын игерген. Kursiv.Media Қаржы министрлігінің 1 қазандағы жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есебін талдады.

Салықтан 345 млрд теңгеге жуық қаржы кем түсті

Жергілікті бюджет кірісінің негізгі бөлігін салықтар құрайды. Тоғыз айға 6,65 трлн теңге салықтық түсім жоспарланғанымен, іс жүзінде 6,31 трлн теңге жиналған.

2026 · 9 ай
Жергілікті бюджет кірістері
11,54 трлн ₸ нақты түскен кіріс
9 айлық жоспар 11,82 трлн ₸
Орындалуы 97,7%
Жоспардан кем −272,2 млрд ₸
Салықтық түсімдер
6,65 трлн
6,31 трлн
94,8%
Трансферттер
4,59 трлн
4,60 трлн
100,1%
Салықтық емес түсімдер
254,4 млрд
339,8 млрд
133,6%
Негізгі капиталды сату
181,7 млрд
169,8 млрд
93,5%
Арнаулы түсімдер
134,1 млрд
127,2 млрд
94,9%
Негізгі қысым — салықта. Салықтық түсімдер жоспардан 344,9 млрд теңгеге төмен. Бұл айырманы салықтық емес түсімдердің жоспардан артық түсуі ішінара жапқан.

Осылайша салық жоспары 94,8%-ға ғана орындалып, қазынаға жоспардағыдан шамамен 344,9 млрд теңге кем түскен.

Бұл жалпы кірістегі негізгі тапшылыққа айналды. Өйткені трансферттер бойынша айтарлықтай проблема байқалмайды: жоспарланған 4,59 трлн теңгенің орнына жергілікті бюджеттер 4,60 трлн теңге алған. Орындалу деңгейі – 100,1%.

Тоғыз айға салықтық емес түсімдерден 254,4 млрд теңге жиналады деп жоспарланған, алайда бұл санаттағы қаржы жоспардан артық жиналып, нақты түсім 339,8 млрд теңгеге жеткен. Яғни жоспар 133,6%-ға орындалды. Алайда бұл қосымша кіріс салықтан пайда болған алшақтықты толық жаба алмады.

Негізгі капиталды сатудан 169,8 млрд теңге түсті. Бұл жоспардың 93,5%-ына тең.

Әкімдіктер 412 млрд теңгеге жуық шығысты игермеген

Жергілікті бюджеттердің тоғыз айлық шығыс жоспары 11,81 трлн теңгені құраған. Нақты жұмсалған қаражат – 11,40 трлн теңге.

Нәтижесінде шамамен 411,9 млрд теңге жоспарға сай игерілмеген.

Ең үлкен айырма тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында байқалады. Бұл бағытқа тоғыз айда 1,90 трлн теңге жұмсау жоспарланғанымен, нақты шығын 1,74 трлн теңге болған. Жоспардан 164,5 млрд теңге қалып отыр, игерілу деңгейі – 91,3%.

Білім беруге жұмсалған қаражат көлемі әлдеқайда жоғары – 4,41 трлн теңге. Бұл барлық жергілікті шығыстың шамамен 39%-ына тең. Дегенмен мұнда да жоспардан 81,5 млрд теңге игерілмеген. Соған қарамастан орындалу көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары – 98,2%.

Көлік пен коммуникацияға 1,09 трлн теңге жұмсалып, жоспардан 38,1 млрд теңге қалған.

Өнеркәсіп, сәулет және құрылыс саласында игерілу қарқыны одан да төмен – 89,8%. 95 млрд теңгелік жоспардың 85,3 млрд теңгесі ғана жұмсалған.

Ал әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жоспар 99,1%-ға орындалған. 560,6 млрд теңге жоспардың 555,7 млрд теңгесі игерілді.

2026 · 9 ай
Жергілікті бюджет шығыстары
11,40 трлн ₸ нақты жұмсалған қаражат
9 айлық жоспар 11,81 трлн ₸
Игерілуі 96,5%
Игерілмеген 411,9 млрд ₸
Білім беру
4,49 трлн
4,41 трлн
98,2%
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
1,90 трлн
1,74 трлн
91,3%
Көлік және коммуникация
1,13 трлн
1,09 трлн
96,6%
Ауыл және су шаруашылығы, экология
778,8 млрд
759,3 млрд
97,5%
Мәдениет, спорт және ақпарат
691,9 млрд
675,0 млрд
97,6%
Әлеуметтік көмек
560,6 млрд
555,7 млрд
99,1%
Өнеркәсіп, сәулет және құрылыс
95,0 млрд
85,3 млрд
89,8%
−164,5 млрд ₸
ТКШ бойынша 9 айлық жоспар игерілмеген.
−81,5 млрд ₸
Білім беру саласында жоспар мен факт айырмасы.

Кіріс те, шығыс та жоспардан қалып отыр

Жалпы көрініс жергілікті бюджеттерде екі процесс қатар жүргенін көрсетеді. Бір жағынан, кіріс жоспары толық орындалмаған: бұған негізінен салық түсімдерінің жоспардан қалып қоюы әсер еткен. Екінші жағынан, әкімдіктердің өздері де жоспарланған шығыстың 400 млрд теңгеден астамын игермеген.

Сондықтан кірістің төмен болуы әзірге жергілікті бюджеттердің күнделікті шығысына тікелей қысым жасап отырған жоқ. Керісінше, тоғыз айда нақты кірістер нақты шығыстардан шамамен 148 млрд теңгеге жоғары болды.

Алайда бюджеттік кредиттер мен қаржы активтерімен операцияларды қоса есептегенде, есепті кезең соңында жергілікті бюджеттердің жалпы тапшылығы 257,3 млрд теңгені құрады.

Жылдық түзетілген жоспар бойынша жергілікті бюджет кірісі 16,36 трлн теңге, ал шығысы 17,10 трлн теңге көлемінде қарастырылған. Демек, жылдың соңғы үш айында бір мезетте салық жинау қарқынын көтеріп, жоспарланған шығыстарды игеру міндеті күшейеді.

Тағы да оқыңыз →
Үкімет ҚҚС салығынан 686 млрд теңге кем жинады

Сондай-ақ оқыңыз