Жер өтемақысы неліктен жергілікті бюджетке түспейді – Мәди Тәкиев жауап берді

Жарияланды 13 Қазан 2026 10:37

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
В акимате Астаны опасаются снижения "упрощенки" до 2% из-за бюджета
Жер өтемақысын жергілікті бюджетке аудару үшін заңға өзгеріс енгізу қажет/ kursiv.media архиві

Елімізде ауыл шаруашылығы мен орман алқаптарын өзге мақсатта пайдаланғаны үшін төленетін өтемақыны жергілікті бюджетке аудару үшін Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу қажет. Бұл жайлы қаржы министрі Мәди Такиев құрылтай депутаты Серік Егізбаевтың сауалына берген жауабында жеткізген, деп хабарлайды Kursiv.media.  

Қазір ауыл шаруашылығы мен орман алқаптарын басқа мақсатта пайдалану үшін алған кезде төленетін өтемақы республикалық бюджетке толық түседі.

Бұл қаражат жерді ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттарға пайдаланудан келген шығындарды өтеуге арналған.

Қаржы министрінің айтуынша, бұл тәртіп үкіметтің 2003 жылғы 8 қазандағы қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

«Ережеге сәйкес, жерді пайдалану құқығы берілген немесе оның нысаналы мақсаты өзгертілген күннен бастап алты ай ішінде тиісті өтемақы республикалық бюджетке төленуі керек. Бұл қаражатты жергілікті бюджетке аудару бюджет деңгейлері арасындағы кірістерді бөлу тәртібін өзгертеді. Соның нәтижесінде жергілікті бюджеттің салықтық емес түсімдері көбейгенімен, республикалық бюджет кірісі азаяды», – деп түсіндірген Мәди Тәкиев.

Сондықтан өтемақыны жергілікті бюджетке аудару мәселесі республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылуы керек. Сонымен қатар Бюджет кодексіне өзгерістер енгізіп, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеуге қатысты тиісті функцияларды жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесін қатар қарастыру қажет.

Қаржы министрі қаражатты мақсатты пайдалану үшін оны арнайы түсімдерге жатқызу мәселесін де шешу керегін атап өтті.

«Бұл қаражатты жергілікті бюджетке беру мәселесін жан-жақты талдау қажет. Сонымен қатар оның мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін арнайы түсімдерге жатқызу мәселесін қарастыру керек. Мемлекеттік бюджеттің теңгерімін сақтау мақсатында бұл ұсынысты Ұлттық экономика министрлігі де салық, кеден және бюджет саясаты тұрғысынан зерделеуге тиіс», – деп жазды Мәди Такиев.

Еске салсақ, 30 қыркүйекте «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Серік Егізбаев қаржы министрі Мәди Тәкиевке жергілікті бюджеттің кіріс базасын кеңейту туралы депутаттық сауал жолдаған еді.

Оқи отырыңыз: Өңірлер 412 млрд теңгені жұмсай алмады: жергілікті бюджет қалай орындалды

Сондай-ақ оқыңыз