
Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан сарапшылар Қазақстан экономикасына қатысты болжамдарын айтарлықтай өзгертті. Қазан айындағы сауалнамада ең үлкен өзгеріс мұнай бағасы мен теңге бағамына қатысты болды: нарық қатысушылары мұнай бұрынғыдан қымбат, ал доллар айтарлықтай арзан болады деп күтеді. Екі ай ішінде сарапшылардың болжамы қаншалықты өзгергенін Kursiv.Media анықтап көрді.
Доллар 480 теңгеден төмен болуы мүмкін
Ең үлкен өзгеріс – валюта нарығында. Тамыздағы сауалнамада сарапшылар 2026 жылы доллардың орташа бағамын 490 теңге деп болжаған. Қазанда бұл болжам бірден 479 теңгеге дейін төмендеді.
Бірақ одан да қызығы – кейінгі жылдарға қатысты күтулер:
2027 жыл: 516,2 → 499,6 теңге
2028 жыл: 562,2 → 527,1 теңге
Яғни сарапшылар алдағы үш жылда теңге бұрын ойлағаннан едәуір мықты болады деп есептей бастады. 2028 жылға қатысты болжамның өзі екі айда шамамен 35 теңгеге төмендеген.
Мұнай бойынша болжам қатты көтерілді
Сарапшылар 2026 жылғы Brent мұнайының орташа бағасын тамызда 82,7 доллар болады деп күткен болса, қазір болжам 88,4 долларға көтерілді. 2027 жылға арналған болжам да 75 доллардан 80 долларға, ал 2028 жылға арналған болжам 73,7 доллардан 75 долларға өсті.
Қазақстан үшін бұл маңызды. Мұнай қымбат болған сайын экспорттық валюта түсімі көбейіп, теңгеге фундаменталды қолдау күшейеді. Сондықтан мұнай мен доллар болжамдарының бір бағытта өзгеруі қисынды көрінеді.
Инфляция төмендейді. Бірақ баяу
Инфляция бойынша да оптимизм бар. 2026 жылдың соңындағы инфляция болжамы 10%-дан 9,5%-ға, 2027 жылға арналған болжам 8,5%-дан 8,3%-ға, 2028 жылға арналған көрсеткіш 7%-дан 6,9%-ға төмендеген.
Бірақ бұл жерде маңызды деталь бар: үш жылдан кейін де инфляция 7%-ға жуық болады деген болжам сақталып отыр.
Одан бөлек, бес жылдан кейінгі инфляцияға қатысты ұзақмерзімді күту 5,3%-дан 5,1%-ға ғана төмендеген.
Демек нарық жоғары инфляцияны уақытша бір жылдық проблема емес, экономикада біраз уақыт сақталатын құбылыс деп бағалап отыр сарапшылар.
Базалық мөлшерлеме де біртіндеп төмендемек
Бұл пікір базалық мөлшерлеме болжамынан да көрінеді. 2026 жылдың соңына сарапшылар мөлшерлемені 15,9% деп күтеді. Бұрын болжам 16% еді.
Алайда ары қарай жағдай өзгеше:
2027 жыл: 13,0% → 13,3%
2028 жыл: 10,5% → 11,5%
Яғни сарапшылар жақын арада мөлшерлеменің аздап төмендеуін күтеді, бірақ кейін Ұлттық банк ставканы бұрын болжанғаннан ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр болады деп санайды.
Оны тағы бір көрсеткіш растайды. Қазақстан үшін бейтарап базалық мөлшерлеме бағасы 9%-дан 9,5%-ға көтерілген. Бұл инфляцияны үдетпей әрі экономиканы тежемей тұратын «қалыпты» ставка деңгейінің өзі жоғарылағанын білдіреді.
Экономика 4%-дан жоғары өсе алады
ЖІӨ бойынша үлкен өзгеріс жоқ, бірақ болжам сәл жақсарған. 2026 жылы экономика 4,8%, 2027 жылы 4,7%, 2028 жылы 4,4% өседі деп күтіледі. Естеріңізде болса үкімет басшысы Олжас Бектенов қыркүйекте Құрылтай алдында премьер министр лауазымына тағайындалғанда биыл жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ көлемі 5 пайыздан төмен түспейді деп уәде берген.
Сонымен бірге Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді әлеуетті өсімі бойынша баға 4,2%-дан 4,5%-ға көтерілген.
Бұл сарапшылар қазіргі жоғары өсімді түгелдей уақытша фактор деп қарастырмайтынын көрсетеді: Қазақстан экономикасы орта мерзімде де жылына шамамен 4,5% өсе алады деген сенім күшейген.