
Enrique Iglesias, КешYOU, Қайрат Нұртас және Sadraddin концерттерінен бюджетке қанша салық түскенін білу үшін Kursiv.media мемлекеттік кірістер комитетіне ресми сауал жолдаған.
Комитет жауабында көрсетілгендей, бұл ақпаратты салық есептілігін тапсыру мерзімдері аяқталғаннан кейін ғана білуге болады.
Себебі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жеке тұлғаларға табыс төлеген жағдайда салық агенті болып саналады. Олар жеке табыс салығын есептеп, төлем көзінен ұстап, бюджетке аударуға жауапты.
Ведомство 2026 жылдың үшінші тоқсаны бойынша салық декларацияларын тапсыру мерзімі 15 қарашада, ал екінші жарты жыл бойынша 2027 жылғы 15 ақпанда аяқталатынын атап өтті. Осы мерзімдер өткеннен кейін комитет сұралған ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Осылайша, Астана мен Алматыда өткен Enrique Iglesias концерттерінен, елордадағы КешYOU мен Қайрат Нұртас өнер көрсеткен кештен және Алматыдағы Sadraddin концертінен бюджетке түскен салық көлемі 15 қарашадан кейін белгілі болады.
Былтыр елімізге келген әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен 600-800 млн теңге тікелей салық түскен еді.