Қазақстан экспорты импорттан төрт есе жылдам өсіп жатыр

Жарияланды 17 Қазан 2026 15:25

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Экспорт көлемі импортты басып озды/ kursiv.media архиві

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға көп. Экспорт көлемі 19,5%-ға өссе, импорт небәрі 4,5%-ға артты. Нәтижесінде елдің сыртқы саудадағы оң сальдосы 17,8 млрд долларға жетті, деп жазады Kursiv.media.

Сегіз айда Қазақстан 60,4 млрд доллардың тауарын экспорттады. Ал импорт көлемі 42,6 млрд долларды құрады. Салыстыру үшін, 2025 жылдың осы кезеңінде сыртқы сауданың оң сальдосы 9,8 млрд доллар болған.

Сыртқы саудадағы өсімге ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да үлес қосып отыр. Қазақстан шикізат жеткізілімімен қатар, оны қайта өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспортын да арттырған.

Атап айтқанда, қаңтар–тамыз айларында күнбағыс майының экспорты құндық мәнде 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн долларға жетті. Заттай көлемі 35,9%-ға артып, 611,4 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы алты ірі елдің қатарына кіріп, Қытайға жеткізушілер арасында екінші орын алған.

Сондай-ақ еліміз күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға жеткізетін ірі экспорттаушылардың үштігіне енген.

Астық экспорты да ұлғайды. Бидай жеткізілімі құндық мәнде 26,5%-ға өсіп, 1,25 млрд долларға жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам бидай жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,8%-ға жоғары.

Бидай мен бидай-қарабидай ұны экспорты 36%-ға өсіп, 400 млн долларды құрады. Заттай көлемі 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаға жетті.

Зығыр тұқымының экспорты да айтарлықтай өскен. Сегіз айда оның құны 2,3 есе артып, 387,8 млн долларға жетті. Ал жеткізілім көлемі 2,5 есе өсіп, 780,8 мың тоннаны құрады.

Жануарларға арналған дайын азық экспортының құны 60,8%-ға артып, 577,6 млн долларға жетті. Заттай көлемі 44,2%-ға өсті.

Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын азық экспорты 1,65 млрд долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы үш өнім санатының экспорттық түсімі шамамен 48%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз