
Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылында Қазақстандағы алғашқы ірі роботтандырылған сүт фермасы жұмысын бастады. «Еңбек» ЖШС-не тиесілі кешен 900 сауын сиырға арналған. Мұнда сиыр сауу, азықтандыру және мал күтімінің негізгі үдерістері автоматтандырылған, деп хабарлайды Kursiv.media.
Жобаның жалпы құны – 8,1 млрд теңге. Оның 3,1 млрд теңгесі «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен бөлінсе, қалған 5 млрд теңгені шаруашылық өз қаражатынан салған.
Қазір фермаға 770-тен астам ірі қара жеткізілген. Оның ішінде Даниядан әкелінген голштин тұқымды 300 сиыр бар. Кешен толық қуатына шыққанда жылына 4 230 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр.
Фермада Германияның GEA Westfalia компаниясы шығарған 12 сауу роботы орнатылған. Жабдықтардың құны – 1,9 млрд теңге.
Кәсіпорын басшысы Қуаныш Рақышевтың айтуынша, шаруашылық әр сиырдан жылына 8,5 мың литрге дейін сүт алуды көздеп отыр.
Қазір фермада өндірілген сүт «Гормолзавод» кәсіпорнына жеткізіліп, одан түрлі сүт өнімдері, соның ішінде балмұздақ өндіріледі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, жыл соңына дейін өңірде тағы екі сүт фермасын ашу жоспарланған. Атбасар ауданында 760 басқа, ал Бурабай ауданында 1 400 басқа арналған кешен іске қосылмақ. Бурабайдағы жоба аясында сүт өңдеу зауытын ашу да көзделген.
Қазір Ақмола облысында жылына шамамен 90 мың тонна тауарлы сүт өндіріледі. Соңғы екі жылда өңірдегі сүт өндірісі 1,8 есе өскен.
Күні кеше Қарағандыда шахта жабдықтарын жөндейтін зауыт ашылған еді.