Парижде Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне концерт өтеді

Жарияланды 19 Қазан 2026 12:08

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: festivaldufilmkazakh

Франция астанасы Парижде қазақтың әйгілі композиторы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылады. Музыкалық кеш Қазақстанның Республика күніне орай 24 қазанда өтеді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл «Менің Қазақстаным» әнінің жазылғанына 70 жыл, ал оның Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ретінде қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Париждегі концерт осы екі мерейтойға арналады.

Музыкалық кешке Шәмші Қалдаяқовтың отбасы мүшелері де қатысады.

Концерт қайда өтеді?

Іс-шара 24 қазанда жергілікті уақытпен сағат 19:00-де Париждегі American Church in Paris ғимаратында өтеді. Концерт Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қамқорлығымен және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ұйымдастырылады.

Бұған дейін 2025 жылы Франциядағы қазақ киносы фестивалінде режиссер Санат Шапашовтың Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бақыт құшағында» фильмі көрсетілген еді. Ұйымдастырушылар енді композитордың мұрасын музыкалық кеш арқылы таныстыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар бұл концерт 2026 жылғы 25–30 қараша аралығында Парижде өтетін VIII Қазақ киносы фестиваліне арналған мәдени іс-шаралардың бастамасы болмақ.

Еске сала кетейік, жақында Қазақстанда Шәмші Қалдаяқов атындағы жаңа мемлекеттік награда пайда болды.

Сондай-ақ оқыңыз