
Ақмола облысының Целиноград ауданында балыққа арналған жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның құны 7 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылып, жылына 25 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Жаңа өндіріс орнында 75 жұмыс орны ашылады, деп жазады Kursiv.Media.
Жобаны өңірде балық шаруашылығын дамытып отырған «Poseydon» ЖШС жүзеге асырады. Компанияның аумағы 10 гектар болатын аквафермасында балық жемі өсіріледі. Қазіргі уақытта шаруашылық жылына 70 тонна тауарлық балық өндіреді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, тұқы және албырт тұқымдас балықтарға арналған жем өндіретін зауыттың құрылыс жоспарымен танысты.
Оның айтуынша, жоба өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған мемлекеттік міндеттерге сәйкес келеді. Өңір басшылығы жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп, мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде сүйемелдеуге дайын.
«Біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға мүдделіміз және жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге, су айдындарын балықтандыру үшін шабақтар мен жем жеткізуге, сондай-ақ мамандарды оқытуға дайынбыз. Өз өндірісіміздің болуы балық шаруашылықтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға жол ашады», – деді «Poseydon» ЖШС бас директоры Ербол Сүлейманов.
Кәсіпорынның қолданыстағы аквафермасы суды айналымда пайдалану технологиясымен жұмыс істейді. Бұл сыртқы климаттық жағдайларға қарамастан, жыл бойы балық өсіруге мүмкіндік береді. Пайдаланылған судың 95%-ына дейінгі бөлігі бірнеше кезеңнен тұратын тазартудан өтіп, қайтадан өндірістік айналымға жіберіледі.
«Poseydon» ЖШС 2019 жылғы 16 мамырда тіркелген. Компанияның негізгі қызмет бағыты тұщы суда балық өсіру. Қосымша қызмет түрі ретінде балықты өңдеу және консервілеу көрсетілген.
Кәсіпорын Ақмола облысы Қызылсуат ауылдық округіне қарасты Аққайың ауылында орналасқан. Компанияның басшысы – Ербол Сүлейманов.
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, компанияның салық аударымдары 2022 жылы 3,65 млн теңгені, 2023 жылы 5,75 млн теңгені, 2024 жылы 9,05 млн теңгені құраған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,19 млн теңгеге дейін төмендеген. Ал 2026 жылы ұсынылған дерек бойынша салық аударымдарының көлемі 14,81 млн теңгеге жеткен.
Тағы да оқыңыз: Петропавлда 6 млрд теңгеге жаңа жедел жәрдем станциясы салынады