
Қазір Қазақстандағы базалық мөлшелеме 16,25 пайызды құрайды. Қаржыгер, QazExpertClub сарапшысы Венера Жаналинаның пікірінше, жоғары мөлшерлеме инвесторларға қомақты табыс әкелгенімен, нақты сектор мен кәсіпорындар үшін ауыр жүкке айналып отыр. Ел экономикасы үшін қандай мөлшерлеме тиімді?
Қазір базалық мөлшерлеме 16,25% болса, жылдық инфляция 9,3%-ға дейін бәсеңдеді. Базалық мөлшерлеме мен инфляция арасындағы айырмашылық 6,95 проценттік пунктті құрайды. Дегенмен, ақша-несие саясатының қатаңдығын тек нақты емес, күтілетін инфляция арқылы да бағалау маңызды.
Қазіргі жоғары мөлшерлеме инвесторларға тиімді жағдай қалыптастырып тұр. Қазақстан қор биржасының 20 қазандағы дерегіне сәйкес, корпоративтік облигациялардың кірістілік индикаторы 16,10%, ал рейтингі жоғары теңгедегі облигациялар кірісі – 15,50% деңгейінде. Мысалы, инвестор 9% инфляция кезінде 15% жылдық табыс алса, салыққа дейінгі нақты кірістілік 5,5% шамасында болады.
Сарапшы бұр ретте кәсіпорындар мен бизнес үшін жағдай мүлде басқаша қалыптасып отырғанын айтады. Қарыз алудың қымбат болуы кәсіпорындарға жабдықтарды жаңғырту, өндірісті кеңейту және айналым капиталын қаржыландыруға мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, қаржы құралдарының жоғары кірістілігі нақты инвестициялық жобаларға ақша құюдың баламалы құнын арттырып жібереді.
Қаржыгер орта мерзімді перспективада жылдық 14–15% аралығы осындай аралық бағдар бола алатыны айтады. Бірақ ол үшін инфляция одан әрі төмендеуі тиіс.
«Егер инфляциялық күтулер 7–8%-ға дейін төмендесе, 14–15% мөлшерлеме олардан шамамен 6–8 пайыздық тармаққа жоғары болады. Бұл нақты пайыздық мөлшерлемені жеткілікті жоғары деңгейде сақтау және теңгелік инвестициялардың тартымдылығын қолдауға мүмкіндік береді», – деп жазады сарапшы.
23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Нарық қатысушылары бас банк ақша-кредит саясатын жұмсартуды жалғастырады деген болжам жасайды.