Халықтың нақты табысы азаяды: Қазақстан экономикасын 2027 жылы не күтіп тұр

Жарияланды 30 Қазан 2026 12:40

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Колданбалы экономика зерттеу орталығы (AERC) Қазақстан экономикасының 2026-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамын ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы екі жылда ел экономикасы оң өсім динамикасын сақтайды. Дегенмен биылғы өсімге қатысты болжамын 4,8 пайыздан 4,6%-ға төмендеткен. Ал 2027 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 4,7 пайызды құрауы мүмкін.

Жылпы ішкі өнімнің өсуіне негізгі капиталға салынатын инвестиция, өңдеу өнеркәсібі және құрылыстың жандануы әсер етеді.

Елдегі ақша-кредит саясаты мен ұлттық валютаның беріктігі арқасында орташа жылдық инфляция деңгейі төмендеуі мүмкін.

Атап айтқанда, инфляция көрсеткіші 2026 жылы 10,3 пайызды, ал 2027 жылы 8,9 пайызды құрайды.

Сонымен қатар AERC мамандары доллардың орташа жылдық бағамы бойынша болжамын қайта қарап, 2026 жылы 475,2 теңге, ал 2027 жылы 490,5 теңгені құрайды деген болжам жасаған.

Brent маркалы мұнай бағасы 2026 жылы барреліне орташа 94,2 доллар болса, 2027 жылы 78,8 долларға дейін арзандауы мүмкін.

Халықтың нақты табысы өспейді

AERC сарапшылары халықтың нақты табысының өсіміне қатысты болжамын қайта қараған. Бұған дейін экономистер 2026 жылы халықтың нақты табысы 4,5 пайызға өседі деп есептесе, енді өсім тек 2,8 пайызды құрауы мүмкін.

«Бұл өзгеріске Халықтың табысын арттырудың 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырудан күтілген нәтижені қайта қарау себеп болды. Себебі жоспарланған шаралардың басым бөлігі әлі де іс жүзінде орындала бастаған жоқ. Ал 2026 жылдың қалған айларында бұл бастамалардың нақты әсер беру мүмкіндігі азайып барады», – делінген шолуда.

Зерттеу авторларының бағалауынша, 2027 жылы елдегі орташа айлық номиналды жалақы 10,8 пайызға өседі. Ал нақты жалақы сол жылғы номиналды жалақыдан инфляцияны шегергенде шығады. Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 8,9 пайызды құрайтынын ескерсек, нақты өсім 1,8 пайызды ғана құрауы ықтимал.

Бюджет тапшылығы қысқарады

Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2026 жылғы 3,1 пайыздан 2027 жылы 1,6 пайызға дейін қысқарады. Төлем балансының ағымдағы шоты 2026 жылы 0,8 пайыз профицитпен жабылса, 2027 жылы 1,7 пайыз дефицитке ауысуы мүмкін.

Сарапшылар әлемдік нарықтағы сауда соғысы мен мен Ормұз бұғазындағы жағдай оңтайлы шешілсе, экономикалық көрсеткіштердің одан әрі жақсаруына мүмкіндік бар деп тұжырымдайды.

Бұған дейін Азия даму банкі (АБР) Қазақстан экономикасына қатысты болжамын жариялаған. Банк 2026 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 4,8%-ға, ал 2027 жылы 4,5%ға өседі деген болжам жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз