
Қатардың Аl-Amanah Islamic Bank-і «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелді. Сарапшы Арман Батаевтың жазуынша, компания AFSA реттеушісінен ислам банктік қызметті жүзеге асыру және қаржы қызметін көрсетуге лицензия алған.
Дегенмен банк тізілімінде көрсетілгендей, операциялық жұмысын ресми түрде бастау үшін реттеушінің бөлек рұқсатын күтіп отыр.
Жаңа қаржы мекемесі 2026 жылдың 21 тамызында 10 млн АҚШ доллары көлеміндегі жарғылық капиталымен тіркелген.
Банктің жалғыз акционері – Доха қаласында орналасқан, қаржы және технология секторларына инвестиция құюға маманданған «Finagroup Holding LLC» жеке компаниясы.
Жаңа банкті Наргиз Худабаева басқарады, ал директорлар кеңесінің құрамына Максим Полетаев пен Мирлан Таймурзаев кірді.
Аталған қаржы ұйымы қарапайым халыққа қызмет көрсетпейді, тек кәсіби клиенттер мен қаржы нарығының контрагенттеріне арналған толық қызмет түрін ұсынуды жоспарлап отыр.
Банк Qard және Wakala UPSIA қағидаттары бойынша депозитке ақша тартып, Murabaha мен Tawarruq құралдары арқылы қаржыландырады. Оған қоса халықаралық сауда есеп айырысулары мен спот шарттарындағы валюталық операцияларды жүзеге асырады.
Бұған дейін 16 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Tansar Islamic Bank Ltd. компаниясы тіркелген. Оның да әзірге банк қызметін жүргізуге лицензиясы жоқ.