Қазақстан QR-төлем жүйесін 4 мемлекетпен біріктірмек

Жарияланды 30 Қазан 2026 10:34

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан ұлттық QR-төлем жүйелерін бір арнаға біріктіруді жоспарлап отыр. Тәжікстанда өткен аймақтық кездесуде орталық банк өкілдері осы бастаманы қолдаған.

Ұлттық банктің хабарлауынша тараптар интеграцияның нақты механизмін 2026 жылдың соңына дейін толық әзірлеп шығуға келісті.

Жоба іске қосылған соң бес елдің тұрғындары шетелде жүріп-ақ өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады.

Сондай-ақ азаматтар арасында халықаралық ақша аударымдары лезде әрі кедергісіз жүзеге аспақ.

Қазақстан тарапы бұл жиында өзінің цифрлық қаржы инфрақұрылымын, оның ішінде Ұлттық антифрод-орталық пен цифрлық теңге жобаларын таныстырды. Сонымен бірге елде сәтті жұмыс істеп тұрған банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің мүмкіндіктері көрсетілді.

Кездесуде кибершабуылдардан қорғану, алаяқтыққа қарсы тұру және қаржылық бақылауда жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де кеңінен талқыланды. Сарапшылар цифрлық активтерді реттеу мен өзара ақпарат алмасудың бірыңғай тәсілдерін енгізуді ұсынды.

Жаңа бастама аймақтағы елдердің қаржылық байланысын нығайтып, саяхатшылар мен кәсіпкерлерге қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды барынша жеңілдетеді.

 Бұған дейін Ұлттық банк 11 мемлекетпен QR-код арқылы трансшекаралық төлемдерді іске қосу мақсатында келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.  

Қазақстанда 2026 жылдың 19 шілдесінен бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе кез келген банк қосымшасы арқылы сатып алынған тауарл мен қызметтерге ақы төлеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз