Шавкат Рахмонов қаңтарда UFC-ге оралмайды

Жарияланды 31 Қазан 2026 11:00

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: спортшының жеке парақшасынан

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов 2027 жылдың қаңтарында октагонға оралмайды. Бұл туралы спортшының менеджері Дэниел Рубенштейн мәлімдеді.

Бұған дейін бірқатар шетелдік спорт ресурсы Рахмоновтың бұрынғы UFC чемпионы Джек Делла Маддаленамен жекпе-жегі қаңтарға жоспарланып жатыр деп хабарлаған.

Алайда Рубенштейн бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Делла Маддалена Шавкаттың ықтимал қарсыласы ретінде де талқыланбаған.

«Бұл ақпарат шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Джек Делла Маддалена қарсылас ретінде аталған жоқ, Шавкат қаңтарда оралмайды», — деп жазды менеджер X желісінде.

Рахмонов соңғы рет 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде жекпе-жек өткізді. Ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген. Бұл қазақстандық файтердің кәсіби мансабындағы 19-жеңісі болды.

2026 жылдың қаңтарында Рахмоновтың тізесіне қайта операция жасалғаны хабарланған. Сол кезде оның менеджері қалпына келуіне тағы тоғыз-он ай қажет болуы мүмкін екенін айтқан.

Әзірге Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі жекпе-жегінің нақты күні мен қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз