
Қаржы сарапшысы Ғалым Құсайынов ұлттық валютаның нығаю себептері мен оның ел экономикасына тигізіп жатқан оң әрі теріс салдарын талдады. Сарапшының айтуынша, доллардың арзандауы инфляцияны ауыздықтауға септескенімен, мемлекеттік бюджетке триллиондаған теңге шығын әкелді.
Дамыған елдерде орталық банк базалық мөлшерлемені төмендетсе, ұлттық валютасы бірден әлсірейді. Ал Қазақстанда кері процесс жүріп жатыр. Маусым айынан бері Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18%-дан 15,75%-ға дейін төрт рет төмендеткеніне қарамастан, теңге бағамы жыл бойы нығайып келді.
Соңғы 12 айда доллар курсы 538 теңгеден 439 теңгеге дейін құлдырап, қазан айының соңында 453-454 теңге төңірегінде тұрақтады.
Сарапшы мұны отандық валюта нарығының өздеріне тән шектеуімен түсіндіреді, өйткені қысқа мерзімде дәстүрлі нарықтық белгілер отандық нарықта айқын білінбейді.
Теңге неге нығайды
Соңғы уақытта ұлттық валютаның берік болуына бірнеше негізгі фактор әсер еткен. Біріншіден, Ұлттық банк отандық өндірушілерден алтынды теңгеге сатып алып, дәл сондай сомаға нарықта шетелдік валютаны сатады.
Тек 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында осы механизм бойынша резервтерден 5,9 млрд доллар сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 57%-ға артық.
Екіншіден, алдыңғы жылдармен салыстырғанда Ұлттық қордан алынатын валюта көлемі азайғанымен, қордан жасалатын трансферттер нарыққа валюта құюын жалғастырып жатыр.
Үшіншіден, мұнай, уран және мыс бағасының қымбаттауы есебінен экспорттаушылардың валюталық түсімі артты.
Төртіншіден, квазимемлекеттік сектор сырттан тартқан шетелдік валютаны ел ішіндегі шығындары үшін теңгеге айырбастап, заемдық капитал ағынын көбейтті. Бесіншіден, теңгедегі пайыз жоғары болған соң, бизнестің валюталық қарызға өтуі жиіледі. Алтыншыдан, жоғары базалық мөлшерлеме нәтижесінде валюта алып келген бейрезиденттер оны теңгеге айырбастап, мемлекеттік облигацияларды белсенді сатып алды.
Мықты теңге неге экономикаға тиімсіз болып тұр?
Күшті валютаның ел экономикасына тигізер жақсы және жағымсыз тұстары да жеткілікті. Арзан импорт есебінен жылдық инфляция өткен жылғы 12,9%-дан 2026 жылдың қыркүйегінде 9,3%-ға дейін төмендеді.
Халықтың нақты табысы өсіп, шетелдік жабдықтар мен негізгі құралдар арзандап, сондай-ақ сауда саласының тауар сатып алу шығындары азайды.
Алайда бұл үдерістің теріс салдарлары да бар: экспорттаушылардың теңгедегі түсімі азайып, ішкі өндірушілер арзан импортпен бәсекелесе алмай қалды.
Ең бастысы, бюджет 1 долларға 540 теңге бағамымен жоспарланғанымен, доллардың қатты арзандауынан импорт тауарларға салынатын қосылған кұн салығының түсімі күрт төмендеді.
Тек қаңтар-тамызда ҚҚС түсімі жоспардан 490 млрд теңгеге артта қалып, Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2-2,2 трлн теңгеге төмендетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар отандық өндірістердің жабылуы болашақта ұсынысты азайтып, қайтадан инфляция қарқынын арттыруы мүмкін.
Ғалым Құсайынов қысқа мерзімді кезеңге толық айқын болжам беру мүмкін емес екенін атап өтеді. Өйткені курс алтын сату көлеміне, Ұлттық қордан бөлінетін қаражат және бейрезиденттердің әрекетіне тікелей тәуелді болады.
Ал бірнеше жылдық ұзақ мерзімді мерзімге қатысты логика өте қарапайым: Қазақстандағы инфляция деңгейі негізгі сауда серіктестерімізден жоғары болып тұрғанда, теңге біртіндеп әлсірей береді. Ең бастысы, бұл ауытқу кенеттен емес, баяу әрі жұмсақ жүруге тиіс.
Қазан айының соңғы аптасында доллардың ресми бағамы 451–457 теңге аралығында құбылды. 30 қазандағы KASE сауда қорытындысы бойынша ресми бағам 453,87 теңге болып белгіленді.