
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстауда МӘМС-тен ақша жымқыруға қатысты іс әлі тергеліп жатқанын айтты. Оның шығынын мемлекетке қайтару тергеу нәтижесіне байланысты шешіледі. Қайтарылған ақша бюджетке түседі, деп жазады Kursiv.Media.
Министрдің түсіндіруінше, 2024 жылғы қазанда қор алғаш рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет көрсететін 1986 медициналық ұйымға талдау жүргізген. Оның аясында бірқатар заң бұзу анықталып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
«Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың дерекқорлары мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Сонымен қатар ресурстарды басқарудың 2.0 жүйесі іске қосылған. Оның алғашқы аптасында сертификаты жоқ 2700-ден астам маман және тиісті лицензиясыз жұмыс істеген 100-ден астам медициналық ұйым анықталған», -деді Әлназарова.
Министрдің мәліметінше, анықталған мамандарға қатысты қызметін тоқтату жөнінде хабарламалар берілген.
Ал 2027 жылдан бастап медициналық қызмет көрсетушілерді қаржыландыруды бөлу толығымен цифрлық форматта жүзеге асырылып, осындай заң бұзудың алдын алу көзделіп отыр.
Маңғыстаудағы клиникаларда ер адамдарға әйелдерге қойылатын диагноз қойып келген.