Pin-Up және Pinco онлайн-казиносын ұйымдастырған шетелдіктерге іздеу жарияланды

Жарияланды 4 Қараша 2026 09:52

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Онлайн казино ұйымдастырғандарға іздеу жарияланды Фото: shutterstock.

Қаржы мониторинг агенттігі Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады. Оларға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалған.

Күдіктілерге Pin-Up және Pinco интернет-казиноларының қызметін заңсыз ұйымдастырды деген айып тағылған.

Тергеу мәліметінше, бұл қылмыстық схема үшін халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым құрылған. Оның ішінде бақылаудағы компаниялар, төлем ұйымдары мен банк құралдары қолданылған.

Жүйенің Қазақстандағы негізгі буыны ретінде PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік лицензия алған «Бонами» ЖШС жұмыс істеген. Алайда заңды букмекерлік қызмет жасырын интернет-казиноның жұмысын бүркемелеу пайдаланылған.

Ақша ағынын өткізу үшін түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалының желісі ашылып, оның 14-і қаражат қабылдауға қолданылған. Бұл жұмыстарды жүргізуге қаржы секторының өкілдері де жәрдемдескен. Жүргізілген қаржы операцияларының жалпы көлемі 106 миллиард теңгеден асқан.

ҚМА жыл басында дәл осы онлайн-казиноны ұйымдастырды деген күдікпен басқа адамдарға іздеу жариялаған. Олар – АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен Украина азаматы Марина Левкович (Гинзбург).

Агенттік мәліметінше, Дружинский мен Левкович бұл схемада негізгі үйлестіруші рөл атқарған. Олар сыбайластарды іріктеп, төлем ұйымдары және екінші деңгейлі банктермен өзара әрекеттестікті жолға қойған, сондай-ақ қаражатты қабылдау мен шығару инфрақұрылымын құруға қатысқан.

Сондай-ақ оқыңыз