
Қазақстандық өндірушілер Қытай нарығындағы позициясын нығайтып келеді. Шанхайда өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесінің (China International Import Expo, CIIE) алғашқы күнінде отандық компаниялар жалпы сомасы шамамен 100 млн долларды құрайтын келісімдерге қол жеткізді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Биыл павильонда 40-қа жуық отандық өндіруші өз өнімін таныстырды. Көрмеге май, ұн және ұн өнімдері, кондитерлік және сүт өнімдері, сусындар мен басқа да қазақстандық тауарлар қойылған. Алғашқы күннің өзінде жасалған 100 млн долларлық келісімдер қытайлық компаниялардың Қазақстан өнімдеріне қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Бұл отандық кәсіпорындар үшін экспорт көлемін ұлғайтып, жаңа серіктестермен ұзақ мерзімді байланыс орнатуға жол ашады. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы да өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 11%-ға артып, 48,7 млрд долларға жетті.
Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 43,3 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,9%-ға өсті. Сапар барысында отандық өнімдерді Қытай нарығына ілгерілетумен қатар, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды.
Атап айтқанда, Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысымен кездесіп, «Hub-to-Hub» бастамасы аясындағы серіктестіктің перспективаларын қарастырды. Бастама өзара байланысқан сауда және логистикалық орталықтарды дамытуға бағытталған.
Келіссөздерде Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану, көлік бағыттарын кеңейту және қазақстандық тауарларды халықаралық нарықтарға жеткізу мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Арман Шаққалиев Қазақстанның Қытай инвестицияларын тартуға, озық технологияларды енгізуге және бірлескен өндірістерді дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Мұндай бастамалар өндірістік кооперацияны нығайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
CIIE – әлемдегі ірі халықаралық сауда алаңдарының бірі. Жыл сайын көрмеге 160-тан астам ел мен өңірден мыңдаған компания қатысады. Бұл алаң шетелдік өндірушілерге Қытай нарығына шығуға, іскерлік байланыс орнатуға және экспорттық келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, халықаралық көрме 10 қарашаға дейін жалғасады.
Тағы да оқыңыз: АДБ-дан юаньмен қарыз алу қытай қаржысына деген тәуелділікті күшейте ме