
2026 жылдың 9 айында сақтандыру компанияларының таза пайдасы қысқарып, 88 млрд теңгені құрады. Былтыр осы кезеңдегі таза пайда 222 млрд теңгеден асқан. Бұл ретте Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев табыстың қысқаруына негізгі екі фактор әсер еткенін айтады.
Біріншісі – 2025 жылмен салыстырғанда теңге бағамының нығаюы. Сақтандыру компаниялары салымшылардан жинаған сыйақысын түрлі инвестициялық құралдарға салады. Теңгенің нығаюы шетел валютасына салынған қаржының құнсыздануы әкеп соққан.
«Мәселен, активтердің бір бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға, қалған бөлігі доллар немесе еуроға бағаланатын еурооблигацияларға салынған делік. Валютаны 530 теңге бағамымен сатып алған кезде капитал көлемі белгілі бір соманы құраса, кейін теңге нығайып, доллар бағамы төмендеген кезде (мысалы, 100 теңгеге арзандағанда) шетел валютасымен сатып алынған активтердің теңгедегі эквиваленті азаяды. Нәтижесінде бухгалтерлік есепте қағаз жүзінде шығын көрсетіледі. Алайда бұл – нақты шығын емес, өйткені бұл бағалы қағаздар сатылмаған. Егер болашақта теңге қайта әлсіресе (мысалы, 500–550 теңгеге көтерілсе), бұл сома қайта қалпына келеді. Демек, бұл тербелістер тек валюта бағамымен байланысты қайта бағалаудың нәтижесі», – дейді Керімбаев.
Екінші фактор — міндетті автосақтандыру (АҚЖМС) өнімінің шығындылығы.
«Міндетті автосақтандыру бойынша төлемдердің сыйлықақыға арақатынасы 98,8%-ға жетіп, бұл өнімнің өзі тиімсіз екенін байқатып тұр. Мұндағы шығын коэффициенті 200%-ды құрайды. Егер бүгінгі таңда 1 млрд теңгеге міндетті автосақтандыру полисі сатылса, алдағы 24 ай ішінде компания 2 млрд теңге көлемінде шығын алады. Осылайша, міндетті автосақтандыру бағыты шығынды күйінде қала берсе, сақтандыру компаниясының жалпы табыстылығы шектеулі болады, – деп түйіндейді сарапшы.
Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру саласының ашықтығын арттыру мақсатында жаңа ереже бекітті. Енді әрбір полисте сақтандыру агентінің алатын комиссиялық сыйақысы теңгемен де, пайызбен де нақты көрсетілуге тиіс. Бұл шешім азаматтарға полис таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету және артық төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.