Қазақстан Тәжікстанға 208 млн доллардың тауарын экспорттай алады

Жарияланды 6 Қараша 2026 11:19

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстан Тәжікстанға 90 түрлі тауарды экспорттауды ұсынып отыр/ kursiv.media архиві

Қазақстан Тәжікстанға экспорт көлемін арттыруға болатын 90 тауар түрін анықтады. Олардың қосымша экспорттық әлеуеті 208 млн долларға бағаланып отыр. Бұл туралы «QazTrade» АҚ бас директорының орынбасары Аман Малғаждаров Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында мәлімдеді, деп жазады Kursiv Media.

Экспортты арттырудың негізгі мүмкіндіктері мұнай-химия, металлургия және тамақ өнеркәсібінде бар. Бұл үш сала анықталған экспорттық әлеуеттің 70%-дан астамын құрайды.

Тәжікстанға жеткізуге болатын тауарлардың қатарында мұнай өнімдері, қоспаланбаған алюминий, болат шыбықтар, жалпақ металл, мал азығы, шоколад, кондитерлік өнімдер, минералды және газдалған су бар.

Сонымен қатар машина жасау, химия, фармацевтика және көлік құралдарын өндіру салаларында да экспортты кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы талдау сегіз саланы қамтиды.

«Қазақстанның Тәжікстан нарығына тауар жеткізу көлемін ұлғайтуға нақты мүмкіндіктері бар. Біз қосымша экспорттық әлеуеті 208 млн доллар болатын 90 тауар түрін анықтадық. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты келісімшарттарға айналдыру», – деді Аман Малғаждаров.

Оның айтуынша, QazTrade қазақстандық компанияларға шетелдік серіктестер табу, келіссөздер жүргізу және тауар жеткізуді ұйымдастыру бойынша қолдау көрсетуге дайын. Сондай-ақ екі ел арасында бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобаларды дамыту көзделіп отыр.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 29,5%-ға өсіп, 1,15 млрд долларға жетті. Осы кезеңде Қазақстанның Тәжікстанға экспорты 33,3%-ға артып, 1,07 млрд доллар болды.

Екі ел екіжақты сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты тиісті министрліктер 2030 жылға дейін өзара сауданы ұлғайту жөніндегі жол картасын әзірлеген.

QazTrade мен тәжікстандық серіктестер 2024 жылы құрған «КазТрейд Таджикистан» бірлескен сауда-инвестициялық компаниялары екі ел арасындағы тауар жеткізілімдерін ұйымдастырумен айналысады. Атап айтқанда, Тәжікстаннан Қазақстанға ерте пісетін көкөністер, ал Қазақстаннан көрші елге күнбағыс майы, салқындатылған сиыр және қой еті жеткізілуі мүмкін.

Бұған дейін 2024 жылғы тамызда QazTrade Душанбеде 30-дан астам қазақстандық компанияның қатысуымен сауда-экономикалық миссия өткізген. Кездесу барысында Тәжікстанның 100-ден астам кәсіпорнының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, жалпы сомасы 537,5 млн доллар болатын құжаттарға қол қойылған. Оның 87,5 млн доллары өңдеу өнеркәсібі өнімдерін жеткізу жөніндегі экспорттық келісімшарттарға тиесілі.

Оқи отырыңыз: Ыстамбұлда қазақстандық өнімдердің сауда кеңсесі ашылды

Сондай-ақ оқыңыз