Beeline иесі Қазақстанда цифрлық банк ашуды жоспарлап отыр

Жарияланды 9 Қараша 2026 11:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: ЖИ көмегімен жасалды

VEON 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда цифрлық банк құруды жоспарлап отыр. Компания депозит тарту құқығын алу үшін қолданыстағы лицензиясының аясын кеңейтпек. Топ басшысы Каан Терзиоглу елдегі қаржы қызметтері нарығында бірінші немесе екінші орынға шығуды көздейтінін айтты. Алайда бұл мақсатқа қашан жетуді жоспарлап отырғанын нақтыламады.

Қыркүйекте Қазақстанда Beeline брендімен жұмыс істейтін «КаР-Тел» ЖШС бірінші санаттағы төлем ұйымы лицензиясын алғысы келетінін хабарлаған еді. Бұл лицензия заңды тұлғаларға шот ашуға, төлем карталарын шығаруға және банкаралық төлемдер жүйесіне қосылуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Beeline өзінің цифрлық экожүйесін кеңейтіп жатыр. Өткен аптада компания OLX Қазақстанды 81 млн долларға сатып алу мәмілесін аяқтады. Бұл мәмілені аяқтауға бір жыл кетті. 2025 жылғы қазанда OLX Group компаниясынан OLX Қазақстан бизнесінің 100%-ын 75 млн долларға сатып алу туралы келісім жасалғаны хабарланған болатын. Бір жыл ішінде мәміле сомасы 6 млн долларға өскен.

Бұдан бөлек, шамамен бір жыл бұрын VEON алдағы 12 ай ішінде Қазақстан қалаларының бірінде такси және жеткізу сервистерін іске қосып, Kaspi мен Yandex Go-мен бәсекелесуге ниетті екенін мәлімдеген еді.

12 ай өтті, бірақ Beeline-ның таксиі де, жеткізу қызметі де әзірге көрінбейді. Есесіне компания елдегі қаржы қызметтері нарығында бірінші немесе екінші орынға шығуды көздеп отыр.

Дегенмен әділін айту керек: VEON Украинада біртұтас экожүйе құра алды. Компания «Киевстар» төңірегіне күнделікті өмірге қажет сервистерді біріктірді. Uklon такси шақыру және жеткізу қызметтерін ұсынады, Helsi арқылы дәрігерге жазылып, қашықтан кеңес алуға болады, ал Tabletki дәрі-дәрмек іздеуге, бағаларды салыстыруға және дәріханада алдын ала брондауға мүмкіндік береді. Ойын-сауық бағытын «Киевстар ТВ» қамтиды. «Мой Киевстар» қосымшасы байланыс қызметтерін басқаруды, адалдық бағдарламаларын және қосымша сервистерді біріктіреді.

Экожүйе дайын компанияларды сатып алу арқылы да кеңейіп келеді. 2025 жылғы сәуірде «Киевстар» Uklon компаниясының 97%-ын 155,2 млн долларға, ал 2026 жылғы ақпанда Tabletki компаниясының 100%-ын 160 млн долларға сатып алды. Соңғы сервис Украинадағы 14 мыңнан астам дәріханамен жұмыс істейді.

Бизнеске арналған бұлттық қызметтер, деректерді талдау және киберқауіпсіздік бағыты да бөлек дамып жатыр. Қазанда «Киевстар» бұлттық қызметтер провайдері GigaCloud-ты құны 50 млн долларға дейінгі мәміле аясында сатып алатынын мәлімдеді. Сатып алудың аяқталуы мәміле шарттарының орындалуына байланысты.

Қазақстанда Beeline-ның телекоммуникация бизнесіне енді OLX хабарландырулар платформасы қосылды. Келесі бағыт цифрлық банк болмақ. Қыркүйекте VEON мен Beeline Ұлттық банкпен цифрлық төлемдерді дамыту және ұлттық төлем инфрақұрылымына ықтимал қосылу жөнінде бес жылдық меморандумға қол қойды.

Қазақстан – VEON-ның көлемі жағынан үшінші ірі нарығы. Елдің үлесіне топтың жалпы түсімінің шамамен 18%-ы тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз