Артық төленген салықты қалай қайтаруға болады – маман түсіндірді

Жарияланды 10 Қараша 2026 15:46

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Алматы салық бюджет
Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша басқармасының бас маманы Жадыра Сауирова салықты артық немесе қате төлеген азаматтар мен кәсіпкерлердің қаражатты қалай қайтарып ала алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, тиісті өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде артық төленген соманы есепке жатқызу немесе қайтару жүзеге асырылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Маманның мәліметінше, артық төлем бір салықты қайталап төлеу, міндетті сомадан көп ақша аудару немесе қосымша салық есептілігін тапсырғаннан кейін міндеттемелердің азаюы салдарынан туындауы мүмкін.

Мұндай жағдайда қаражатты алдағы салық төлемдеріне есепке жатқызуға немесе банк шотына қайтаруға болады. Алайда қайтару үшін салық төлеушінің өзінде және оның құрылымдық бөлімшелерінде берешек болмауы керек. Егер қарыз болса, алдымен сол өтеледі, қалған қаражат қайтарылады.

Ал салық қате деректемелер бойынша аударылса, мысалы, ЖСН/БСН немесе бюджеттік сыныптама коды дұрыс көрсетілмесе, төлемнің дұрыстығын растағаннан кейін оны тиісті шотқа аударуға немесе қайтаруға болады.

Өтінішті бірнеше жолмен беруге болады:

  • «ИСНА» жүйесіндегі Салық төлеуші кабинеті арқылы;
  • eGov.kz порталы арқылы;
  • жеке тұлғалар үшін e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы;
  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қағаз түрінде.

Өтініште қайтарылатын немесе есепке жатқызылатын соманы, бюджеттік сыныптама кодын және қажетті деректемелерді дұрыс көрсету маңызды.

Сонымен қатар маман салық төлеушілерге жеке шоттарын тұрақты тексеріп, артық немесе қате төлем анықталған жағдайда өтініш беруді кешіктірмеуге кеңес берді. Себебі талап қою мерзімі өткен сомалар қайтарылмайды және есепке жатқызылмайды.

Тағы да оқыңыз: Биыл күшінен енген Салық кодексіне үкімет өзгеріс енгізбек

Сондай-ақ оқыңыз