
Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов Қазақстанда түнгі уақытта өндірілетін артық электр энергиясының көлемі мен оның көрші мемлекеттерге қандай бағамен сатылатынын сұрады, деп жазады Kursiv.Media.
Депутаттың айтуынша, 2008 жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясына сараланған тарифтер қолданылып, тұтынушыларға, соның ішінде кәсіпкерлер мен өнеркәсіп орындарына, сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін электр энергиясын төмен бағамен тұтынуға мүмкіндік берілген. Алайда 2017–2018 жылдары түнгі тарифтер алынып тасталған.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта түнде өндірілетін артық электр энергиясы көрші елдерге айтарлықтай төмен бағамен сатылып жатыр.
«Түнгі уақытта өндірілетін артық электр энергиясының нақты көлемі қанша және ол көрші мемлекеттерге қандай бағамен сатылып жатыр?» – деп сауал жолдады Бекжан Әлімқұлов.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар екенін айтты.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 123,1 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт/сағ болған. Осыған байланысты Қазақстан өткен жылы көрші мемлекеттерден шамамен 800 МВт электр қуатын импорттаған.
Ведомство басшысы түнгі уақытта өндірілетін артық электр энергиясын аккумуляциялық жүйелер арқылы жинақтау мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, мұндай жүйелер электр энергиясын Ресей, Қырғызстан немесе басқа көрші елдерге жібермей, Қазақстанның өз ішінде сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде электр энергиясының импортын азайтып, қосымша шығындардың алдын алуға ықпал етеді.