Әлихан Смайылов ғылымның экономикадағы үлесі 0,16% ғана екенін айтты

Жарияланды 11 Қараша 2026 10:34

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
ғылыми стипендия
Ғылымның экономикадағы үлесі аз/ kursiv.media архиві

Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру көлемі соңғы жылдары екі еседен астам өскенімен, оның ел экономикасындағы үлесі әлі де төмен. Ғылымға жұмсалатын шығын жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16%-ын құрайды. Бұл туралы жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтайдың жалпы отырысында мәлімдеді, деп жазады Kursiv Media.

Отырыста ғылым саласындағы мемлекеттік қаражат пен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.

Аудит мәліметінше, 2022–2025 жылдары ғылым саласын қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Осы кезеңде ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары жүргізілген.

Алайда қаржыландырудың артуы ғылымның экономикадағы үлесіне айтарлықтай әсер етпеген. Қазіргі көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 0,16%-ына тең. Ал нысаналы көрсеткіш 1% деңгейінде белгіленген.

«Ғылымды қаржыландыруда мемлекеттің үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан. Бұл бизнестің ғылыми әзірлемелерге сұранысы мен зерттеулерді қаржыландыруға қатысуы әлі де төмен екенін көрсетеді. Аудит барысында ғылым саласын басқаруда да жүйелі кемшіліктер анықталды. 2021–2025 жылдары саланы дамытуға арналған төрт бағдарламалық құжат қабылданғанымен, оның үшеуінің күші мерзімінен бұрын жойылды», – деді Смайылов.

Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың нысаналы көрсеткіші ЖІӨ-нің 2%-ынан 0,5%-ына дейін төмендетілген.

Зерттеушілер санын арттыру көрсеткіші 50%-дан 7%-ға, ал жеке сектордың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін қысқарған.

Сондай-ақ оқыңыз