
Қазақстандық компаниялар қаржы тарту үшін облигациялар нарығын белсенді пайдаланып келеді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, компаниялар облигациялар шығару арқылы 5,3 трлн теңге тартқан. Ал корпоративтік бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы сауда көлемі үштен бірге жуық өскен. Бұл туралы бас банкир Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде баяндады, деп жазады Kursiv.Media.
Бұл көрсеткіштер капитал нарығының бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру көзі ретінде маңызы артып келе жатқанын аңғартады.
Шетелдік инвесторлар мемлекеттік бағалы қағаздарға 2,8 трлн теңге салды
Бас банкирдің айтуынша Қазақстанның қаржы нарығына халықаралық инвесторлардың да қызығушылығы күшейіп келеді. Жыл басынан бері бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаражаты шамамен 1 трлн теңгеге артқан. Нәтижесінде олардың жалпы инвестициясы 2,8 триллион теңгеге, яғни 6,2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздардың жалпы көлемінің шамамен 8,8%-ы.
Тағы бір маңызды қадам – JP Morgan Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына Index Watch Positive мәртебесін берді. Сүлейменов мұны GBI-EM индексіне ену жолындағы маңызды кезең деп атады.
Халықаралық инвесторлардың көбеюі нарықтағы сауданы жандандырып, кірістілік қисығының орнықты қалыптасуына ықпал етеді. Ал мемлекет үшін бұл қарыз тарту мен оған қызмет көрсету құнын төмендетуге мүмкіндік береді.