
15 қарашада елде Ұлттық валюта күні атап өтіледі. Осыдан 33 жыл бұрын айналымға енген теңге елдің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышандарының біріне айналды. Алғашқы банкноттар Ұлыбританияда басылса, бүгінде Қазақстан өз ақшасын өзі шығарады. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта бірнеше экономикалық дағдарысты бастан өткеріп, дизайны мен қорғаныш жүйесін жаңартты. Қазір теңге цифрлық форматта да қолданыла бастады. Оның тарихы қалай басталды және үш онжылдықта қандай өзгерістер болды? Kursiv.media тілшісі шолу жасап шықты.
Қазақстанға ұлттық валюта не үшін қажет болды?
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан біраз уақыт рубль аймағында қалды. Алайда бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, ортақ ақша жүйесін сақтау қиындай түсті. Ресейдің ақша реформасынан кейін рубль аймағындағы жағдай одан әрі күрделенді. Қазақстанда бұрынғы рубльдердің көптеп жиналуы, инфляцияның үдеуі және дербес ақша-несие саясатын жүргізе алмау ұлттық валютаны енгізу қажеттігін күшейтті.
Халықаралық валюта қорының дерегінше, 1993 жылдың тамыз-қараша айларында Қазақстандағы айлық инфляция орта есеппен 38%-ға жеткен. Бұған дейін ел Ресейдің ақша саясатына тәуелді болды. Сондықтан өз валютасын енгізу тек жаңа банкнот шығару емес, ақша айналымын дербес басқаруға мүмкіндік беретін маңызды экономикалық қадам еді.
Теңгені әзірлеу жұмыстары 1992 жылы басталды. Ұлттық банк арнайы дизайнерлер тобын құрып, болашақ банкноттардың нобайларын әзірлеуге кірісті. Төл валютаның атауына қатысты «ақша», «алтын», «сом», «таньга», «денге» сияқты бірнеше нұсқа талқыланған. Соңында академик Сауық Тәкежанов ұсынған тарихи «теңге» атауы таңдалды. Оның жүзден бір бөлігі «тиын» деп аталды.
1993 жылғы 12 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу туралы Президент жарлығына қол қойылды. Ал 15 қараша күні таңғы сағат 08:00-ден бастап теңге айналымға шықты. 18 қарашадан бастап ол елдегі жалғыз заңды төлем құралына айналды.
Ескі рубльдерді теңгеге айырбастау 15-20 қараша аралығында жүргізілді. Айырбастау бағамы 500 рубль үшін 1 теңге болып белгіленді. Жеке тұлғалар қолма-қол ақшасын белгіленген шек аясында айырбастай алды. Халықаралық валюта қорының сол кезеңге қатысты есебінде бір адамға 100 мың рубльге дейін айырбастауға рұқсат берілгені көрсетілген.
Алғашқы теңге қандай болды?
Қазақстан алғашқы банкноттарды өз аумағында басып шығаруға дайын болмағандықтан, олар Ұлыбританиядағы Harrison & Sons баспаханасында әзірленді. Банкноттардың дизайнын қазақстандық суретшілер тобы жасады. Олардың қатарында Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Әбжәлелов болды.

Алғашқы банкноттар 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналмен шығарылды. Олардың бетінде қазақ тарихында із қалдырған тұлғалардың портреттері бейнеленді. Мәселен, 1 теңгелік банкнотта Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгелікте Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгелікте Құрманғазы, 10 теңгелікте Шоқан Уәлиханов, 20 теңгелікте Абай Құнанбайұлы, ал 50 және 100 теңгелік купюраларда Әбілқайыр мен Абылай хандардың бейнесі болды.
Алғашқы банкноттардың сыртқы дизайнында Қазақстанның табиғаты мен тарихи нысандары да көрініс тапты. Мәселен, 1 теңгелік купюраның сыртында әл-Фарабидің ғылыми еңбектеріне қатысты геометриялық сызбалар бейнеленсе, басқа банкноттарда табиғи көріністер мен сәулет ескерткіштері пайдаланылды.
1995 жылғы 19 мамырда Алматыда Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Осылайша, Қазақстан ақша белгілерін өз аумағында өндіруге мүмкіндік алды. Ал монеталар Өскемендегі Қазақстан теңге сарайында шығарыла бастады. Бұл ұлттық валюта өндірісін қалыптастырудағы маңызды кезең болды.
Теңгенің алғашқы жылдары: инфляция мен құнсыздану
Ұлттық валютаның енгізілуі ел экономикасындағы барлық мәселені бірден шешкен жоқ. Қазақстан ол кезде өндірістің құлдырауы, шаруашылық байланыстардың үзілуі және бағаның күрт өсуі сияқты қиындықтарды бастан өткеріп жатқан еді.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 1993 жылдың қарашасында айлық инфляция 55%-ға дейін жеткен. Ал 1994 жылдың маусымында бұл көрсеткіш 46%-ды құраған. Жаңа валюта енгізілгеннен кейін теңгенің бағамы да тез әлсіреді. Бұған ақша-несие саясатының жеткілікті қатаң болмауы, кәсіпорындар арасындағы төлем дағдарысы және экономиканың жалпы жағдайы әсер етті.
Дегенмен ұлттық валютаның пайда болуы Қазақстанға ақша айналымын өз бетінше реттеуге жол ашты. Ұлттық банк несие көлемін шектеу, пайыздық мөлшерлемелерді көтеру және ақша-несие саясатын қатаңдату шараларын қолға алды. Соның нәтижесінде 1994 жылдың екінші жартысынан бастап инфляция біртіндеп баяулады.
Осы тұста теңгенің алғашқы жылдардағы әлсіреуін ұлттық валютаны енгізудің өзі тудырған құбылыс деп қарастыру дұрыс емес. Ол кезде Қазақстан бүкіл экономикалық жүйені нарықтық қатынастарға бейімдеп жатқан еді. Теңге осы күрделі кезеңде елдің дербес ақша саясатын жүргізу құралына айналды.
Девальвация және еркін бағамға көшу
Теңге тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – оның айырбас бағамына қатысты шешімдер. Экономикалық ахуалға, мұнай бағасына, сыртқы сауда жағдайына және әлемдік нарықтағы өзгерістерге байланысты ұлттық валюта бірнеше рет құнсызданды.
1999 жылы теңгенің бағамы еркін өзгеруіне жол берілді. 2009 және 2014 жылдары Ұлттық банк теңгені бірқатар шетел валютасына қатысты әлсірету туралы шешім қабылдады. Ал 2015 жылғы тамызда Қазақстан еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне көшті.
Бұған дейін Ұлттық банк теңге бағамын белгілі бір дәлізде ұстап тұру үшін валюталық интервенциялар жүргізіп келген. Алайда мұнай бағасының төмендеуі мен сауда серіктестерінің валюталарының әлсіреуі жағдайында бұрынғы режимді сақтау қиындай түсті. Еркін бағамға көшу арқылы теңгенің құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа, сондай-ақ сыртқы және ішкі экономикалық факторларға қарай қалыптаса бастады.
Бұл өзгеріс теңгенің тұрақты әрі үнемі нығайып келе жатқанын білдірмейді. Ұлттық валютаның бағамы әлі де мұнай бағасы, инфляция, импорт пен экспорт көлемі және әлемдік қаржы нарығындағы жағдай сияқты факторларға тәуелді. Алайда Қазақстанның ақша-несие саясатын дербес жүргізу тетіктері біртіндеп қалыптасты.
Банкноттар қалай өзгерді?
Теңгенің тарихы оның банкноттарының дизайнынан да көрінеді. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 1993 жылдан бері ұлттық валютаның бес негізгі банкнота сериясы шығарылды.
Алғашқы «Портреттер» сериясынан кейін 2006 жылы «Бәйтерек» сериясы айналымға енді. Бұл банкноттарда біртұтас көркемдік шешім қолданылып, алдыңғы бетінде тік, артқы бетінде көлденең композиция орналастырылды.
2011 жылдан бастап «Қазақ елі» монументі мен «Самұрық» бейнелері бар жаңа серия кезең-кезеңімен шығарылды. Ал 2023 жылы теңгенің 30 жылдығына орай Ұлттық банк «Сақ стилі» атты жаңа банкноттар сериясын таныстырды.
Жаңа серия көшпенділер мәдениеті мен сақ дәуірінің мұрасына негізделген. Банкноттардың бет жағында «Өмір ағашы» символы, ДНҚ спиралі түріндегі ою-өрнек және сақ стиліндегі жануарлар бейнеленген. Сыртқы бетінде Қазақстанның табиғи ландшафтары мен ұлттық ою-өрнектер көрініс тапқан.
Жаңа банкноталар тек сыртқы дизайнымен ғана емес, қорғаныш технологияларымен де ерекшеленеді. Ұлттық банк мәліметінше, «Сақ стилі» сериясында әлемде бұрын-соңды қолданылмаған қорғаныш элементтері, соның ішінде екі түсті микрооптикалық жіп пайдаланылған. Банкнотты бұрған кезде оның бетіндегі ою-өрнек қозғалып тұрғандай әсер береді.
2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша «Сақ стилі» сериясының 20 мың теңгеліктен басқа барлық номиналы айналымға шығарылған. 20 мың теңгелік банкнотты 2026 жылдың соңында немесе 2027 жылдың басында шығару жоспарланған.
Теңге цифрлық форматқа көшіп жатыр
Ұлттық валютаның дамуы банкноттар мен монеталарды жаңартумен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары Қазақстан цифрлық теңгені енгізу бағытында жұмыс істеп келеді.
Сол кезде Алматыда мектеп оқушыларының тегін тамақтануына арналған цифрлық ваучерлер жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылды. Сонымен қатар цифрлық теңге шотына қосылған банк карталары таныстырылды.
Цифрлық теңге – қолма-қол ақша мен банктегі қолма-қол ақшасыз қаражаттан бөлек, ұлттық валютаның жаңа нысаны. Оның көмегімен қаражаттың қозғалысын бақылау, мемлекеттік жобалар мен инфрақұрылымдық шығындардың мақсатты жұмсалуын қадағалау мүмкіндігі қарастырылған.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2025 жылы цифрлық теңге инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруда, мемлекеттік сатып алуларда және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда пилоттық режимде қолданылды. Ал 2026 жылғы қаңтарда цифрлық теңгенің ұлттық валютаның жаңа цифрлық нысаны ретіндегі құқықтық мәртебесі заң жүзінде бекітілді.
Тағы да оқыңыз: 33 жылда теңге бағамы қалай өзгерді (инфографика)