Ұлттық банк пен қаржы министрлігі токенделген мемлекеттік облигацияларды шығарады

Жарияланды 13 Қараша 2026 14:24

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Мемлекеттік облигациялар токенделген форматта шығарылады/ kursiv.media

Қазақстанда мемлекеттік облигацияларды токенделген форматта шығару жоспарланып отыр. Ұлттық банк бұл бастаманы қаржы министрлігімен бірлесіп, келесі жылдың бірінші тоқсанында іске асыруды көздеп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Алматыда өткен қаржыгерлер конгресінде мәлімдеді,  деп хабарлайды Kursiv.Media.

Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық қаржы активтерінің инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді. Биыл 1 мамырдан бастап осы салаға қатысты құқықтық база толық күшіне енді. Сонымен қатар бағалы қағаздардың орталық депозитарийі базасында қажетті тізілімдер мен ұлттық криптокастодиан құрылды.

Сондай-ақ KASE токендеу платформасы мен цифрлық активтерге арналған сауда алаңын іске қосты. Ұлттық крипторезерв те жұмысын бастады.

Сүлейменовтің айтуынша, 27 қазанда KASE платформасында жеке эмитенттердің токенделген облигациялары алғаш рет шығарылды. Ал 9 қарашада Ұлттық банк өз ноттарын токенделген форматта орналастырды. Бұл тәжірибе мемлекеттік облигацияларды да осындай форматта шығаруға қажетті инфрақұрылымның дайын екенін көрсетті.

«Ұлттық банк нақты активтерді, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, қымбат металдар мен пайдалы қазбаларды токендеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Токендеу арқылы дәстүрлі активтерді цифрлық қаржы құралдарына айналдыруға мүмкіндік бар», –  деді Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы цифрлық активтер нарығын дамытуға арналған құқықтық және институционалдық негіз қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Биыл шілдеде алғашқы криптоайырбастау пунктіне лицензия беріліп, қазір елде осындай сегіз ресми пункт жұмыс істейді. Олардың жалпы айналымы 45 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ қаржы нарығындағы бәсекені арттыру үшін бірінші санаттағы төлем ұйымдары институты іске қосылған. Мұндай ұйымдар Ұлттық банктің есеп айырысу инфрақұрылымын пайдаланып, төлем банктері сияқты қызмет көрсете алады.

Тағы да оқыңыз: Ұлттық банк алғаш рет 10 млрд теңгеге токенделген ноталар шығарды

Сондай-ақ оқыңыз