
Банк қосымшасына кіре алмау, шоттағы ақшаны көрмеу, аударымның орындалуын күту. АҚШ-та 16 қарашада мыңдаған клиент осындай қиындыққа тап болды. Елдегі ең ірі банк JPMorgan Chase жүйесіндегі бағдарламалық қате өзге банктермен жасалатын операцияларды да баяулатты. Банк ақаудың кибершабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қосымшадан банкоматқа дейін
Ақау туралы шағымдар JPMorgan Chase, Bank of America, Wells Fargo және U.S. Bank клиенттерінен түскен. Zelle арқылы ақша жіберуге тырысқан пайдаланушылар да қиындыққа тап болған. Клиенттер банк қосымшалары ашылмайтынын, шоттағы қалдық көрсетілмейтінін және ақша аудару мүмкін болмай қалғанын хабарлады.
Мәселе онлайн қызметтермен шектелмеген. Chase клиенттерінің бір бөлігі банк бөлімшелерінде операция жүргізе алмағанын және банкоматтарды пайдалану кезінде кедергіге кезіккенін айтқан. Кейбір пайдаланушыларға жекелеген қызметтердің уақытша қолжетімсіз екені туралы ескерту көрсетілген.
Бір банктегі қате өзгелерге қалай әсер етті?
JPMorgan Chase ақаудың себебін ішкі жабдықтар жүйесіндегі бағдарламалық қатемен түсіндірді. Банк өкілі Джо Эванджелистидің айтуынша, мәселе кейбір операциялардың орындалуын баяулатқан. Chase қатысқан банкаралық аударымдардағы кідірісті өзге қаржы ұйымдарының клиенттері де сезінген.
Сондықтан бірнеше банкке қатысты шағым түскені олардың барлығының жүйесі қатар істен шыққанын білдірмейді. Associated Press мәліметінше, Bank of America мен Citigroup қызметтерінің өзінде ақау болмаған, алайда Chase-пен жасалатын операциялар баяулаған.
Zelle де төлем желісі қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Дегенмен жекелеген банктердегі техникалық қиындықтар осы сервис арқылы жіберілген ақшаның кешігіп түсуіне әкелуі мүмкін.
Банк не дейді?
Chase мәлімдемесінде ақаудың кибершабуылға байланысты емес екенін, клиенттердің шоттары мен қаражатына қолжетімділігі сақталғанын жеткізді. Банк қызметтерді қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатқанын хабарлады